Мазмұнға өту

Атыраулық академиялар балалар чемпионатының үш санатында жеңді

Турнирдің облыстық кезеңінде мамыр мен қыркүйек аралығында 15 өңірден 625 команда мен 12 мыңға жуық жас футболшы ойнады.

Юные футболисты на финальном этапе чемпионата Казахстана среди частных футбольных школ и академий

Атырау облысының командалары жекеменшік футбол мектептері мен академиялары арасындағы Қазақстан чемпионатында алты жас санатының үшеуінде чемпион атанды. Турнирдің финалдық кезеңі 25–30 қазан аралығында Ақтөбе мен Шымкентте өтті. Онда 2009–2017 жылы туған балалар арасында чемпиондық атақ сарапқа салынды.

2009–2010 жылы туғандар санатында атыраулық «Арсенал» бірінші орын алды. Ол ақтөбелік «Аль-Аят» пен Батыс Қазақстан облысының «Галактикос» командасын басып озды. 2011 жылы туғандар арасында Атырау облысының «Аякс» командасы турнирдегі барлық матчында жеңіске жетті. Күміс медаль «Академикке» (БҚО), қола «Лайфстайлға» (Ақтөбе облысы) бұйырды. 2014–2015 жылы туғандар санатында атыраулық «Имидж» шешуші матчта 1:1 есебімен тең ойнап, пенальти сериясында 5:4 есебімен жеңді. Екінші орынды шымкенттік «Олимпик», үшінші орынды Қарағанды облысының «Спарта» командасы иеленді.

Қалған екі атақты Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарының командалары бөлісті. 2012 жылы туғандар арасында қарағандылық «Скаут» жеңіске жетіп, шымкенттік Qsport пен Жамбыл облысының Jas Taraz командасын артта қалдырды. 2013 жылы туғандар санатында БҚО-ның «Golazo» командасы финалда дәл сол «Скаутты» 1:0 есебімен ұтты. Қола медальді атыраулық «Дина» алды.

Ең кіші қатысушылар – 2016–2017 жылы туғандар арасында алматылық FC TARLAN чемпион атанды. Күміс медаль Батыс Қазақстан облысының FC Spartak командасына, қола Шығыс Қазақстан облысының «Барс» командасына бұйырды.

Жасы үлкен санаттар – 2009–2010 және 2011 жылы туғандар – Ақтөбеде Футбол академиясының базасында ойнады. Қалған төрт санаттың ойындары Шымкенттегі «БИІК» спорт кешенінде өтті.

Санаттар бойынша турнирдің үздік ойыншылары болып Мақсат Китанов («Арсенал»), Архат Исаев («Лайфстайл»), Арсен Ерғалиев («Скаут»), Бағдаулет Мендак («Golazo»), Бейбарыс Оразғалиев («Имидж») және Платон Аксаков («Спарта») танылды.

Жекеменшік мектептер мен академиялар ҚФФ-ның ойыншы даярлау жүйесіне біртіндеп кіріп келеді. Бұған дейін федерация астаналық «Аламан» және El Clasiko академияларымен келісім жасап, оларға футболшы даярлайтын өңірлік орталық мәртебесін берген. Ал Қызылордадағы жасөспірімдер чемпионатының үздік ойыншылары ҚФФ академиясының U-15 командасына іріктеуден өту мүмкіндігін алды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз