Алматыда Валерий Меладзенің концерті кезінде төбелес шығарған үш әйелдің бірі сот шешімімен бес тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті оқиғаның видеосын жариялап, хабарлады.
Полиция мәліметінше, көрермендер арасындағы жанжал концерт барысында басталған. Күзет қызметкерлері әйелдерді концерт алаңынан шығарып жіберді. Концерт тоқтамай, қалыпты жағдайда өтті.
Жанжалға қатысқан екі әйел — Алматы облысының тұрғындары. Олардың біреуі сот шешімімен бес тәулікке қамалды, екіншісіне қоғамдық орында мас күйде жүргені үшін айыппұл салынды. Үшінші әйелге, Тараз тұрғынына қатысты ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданды.
Алматы қалалық полиция департаменті концерттен түсірілген видеоны және іс мән-жайын Instagram парақшасында жариялады:
Сонымен қатар полиция концерт үзіліп қалды деген жалған ақпарат жариялаған Instagram жазбасының авторын жазалады. Аккаунт иесі әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде анықталып, оған айыппұл салынды. Айыппұл мөлшері айтылмады.
Алматы полициясы әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқандарды бұған дейін де жазалаған: осындай негізбен Juzzefina блогері қамаққа алынған. Валерий Меладзе Қазақстанға жиі келеді, әншінің Алматыдағы алдыңғы концерті 2025 жылғы желтоқсанда өткен.



