Мазмұнға өту

Қазақстан ХЭО-ның кіші кәсіби қызметкерлер бағдарламасына қосылды

Сонымен қатар Қазақстан Африка елдерінің 100 қатысушысын цифрлық технологияларға, бағдарламалауға және жасанды интеллектке тегін оқытады.

Подписание документов Казахстана и Международного союза электросвязи в Дохе

Қазақстан Халықаралық электрбайланыс одағының (ХЭО) кіші кәсіби қызметкерлер бағдарламасына (Junior Professional Officers, JPO) қосылды. Бағдарлама арқылы қазақстандық жас мамандар ХЭО құрылымдарында жұмыс істеп, халықаралық сарапшылармен бірге практикалық тәжірибе жинай алады. Құжатқа 7 қарашада Дохада Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен ХЭО Бас хатшысы Дорин Богдан-Мартин қол қойды. Бұл туралы министрлік хабарлады.

Бағдарламаға қатысу үшін Қазақстан 0,6 жарна бірлігіне баламалы жарна төлейді. Министрліктің мәліметінше, бұл бірліктерді алуға қазақстандық байланыс операторлары көмектескен.

Сол күні тараптар тағы екі құжатқа қол қойды. Вице-министр Досжан Мусалиев пен ХЭО Электрбайланысты дамыту бюросының директоры Космас Завазава Африка елдерінің қатысушылары үшін 100 тегін орын бөлуге келісті. Олар цифрлық технологияларды, бағдарламалауды және жасанды интеллектіні үйренеді. Оқу бағдарламасы Astana Hub, alem.ai, Tech Orda, TUMO және Tomorrow School сияқты қазақстандық жобалардың тәжірибесіне негізделген.

Үшінші құжат – ХЭО мен ЦАРКА арасындағы хат-келісім. Ол Қазақстандағы ХЭО Акселерация орталығының моделін әзірлеп, сынақтан өткізуді көздейді, орталықты жобалауға нысаналы қаржы бөлуді де қарастырады. Орталық ХЭО-ның ITU Playbooks әдістемелік материалдарына сүйенеді, негізгі тиімділік көрсеткіштері бойынша жұмыс істеп, одаққа кері байланыс береді. Ол Орталық Азиядағы ынтымақтастықты қолдауға да арналған.

«Бұл уағдаластықтар Қазақстандағы кәсіби мүмкіндіктерді дамытуды серіктестермен тәжірибе алмасумен ұштастырады», – деді Жаслан Мәдиев. Оның айтуынша, енді орталықты іс жүзінде құру жұмысы басталады.

Министрлік пен одақ Қазақстанда ХЭО Акселерация орталығын құру туралы келісімге 2026 жылғы 5 шілдеде қол қойған. ХЭО – БҰҰ-ның ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі мамандандырылған агенттігі, Қазақстан оған 1992 жылдан бері мүше. Тараптар келесі кезекте бағдарламаларды іске қосу тәртібін айқындамақ.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз