Қазақстанның өрт сөндіру-құтқару спортынан ерлер құрамасы Бакуде өткен әлем чемпионатында «Жауынгерлік қанат жаю» сайысында жеңіп, 24,52 секунд нәтижемен әлемдік рекорд орнатты. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Бұл сайыста екінші орынды Моңғолия (25,08 секунд), үшінші орынды Өзбекстан (25,45 секунд) иеленді. Қазақстан намысын Ансар Шамшоллаев, Назарбек Ануарбеков, Абай Қонысбаев, Дінмұхамед Абильбаев, Петр Подгородецкий, Дмитрий Савон және Ильдар Избасаров қорғады.
Қазақстанның әйелдер құрамасы «Жауынгерлік қанат жаю» сайысында 25,41 секунд нәтижемен үшінші орын алды. Ресей командасы да әлемдік рекордты жаңартып, 23,79 секундпен жеңімпаз атанды. Екінші орын Беларусь құрамасына бұйырды (23,92 секунд). Қазақстан командасының құрамында Алла Серикханова, Айдана Байтикова, Ситора Реджеметова, Оксана Дзолба, Регина Аленина, Кристина Подгородецкая және Валентина Салмина өнер көрсетті.
«Жауынгерлік қанат жаю» ерлер арасындағы XXI және әйелдер арасындағы XII әлем чемпионаттарының соңғы сайысы болды. Төрт сайыстың қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте ерлер мен әйелдер арасында бірінші орынды Ресей, екінші орынды Беларусь, үшінші орынды Қазақстан алды.
«Жауынгерлік қанат жаю» сайысында жеті адамнан тұратын команда өрт сөндіру мотопомпасынан жең желісін тартып, су ағынымен нысананы уақытқа қарай құлатады. Бұған дейін 4×100 метрлік эстафетада Қазақстанның екі құрамасы да төртінші орын алып, әйелдер командасы ұлттық рекордты жаңартқан еді.
ТЖМ құрамалары әлем біріншілігіне қыркүйекте Жезқазғанда өткен ел чемпионаттарының нәтижелерін де ескере отырып жасақталды. 2027 жылы Алматы өрт сөндіру-құтқару спортынан жасөспірімдер, жасөспірім қыздар мен жастар арасындағы әлем чемпионаттарын қабылдайды.



