Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина 7 қарашада, жарыс басталар қарсаңда, денсаулығына байланысты АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтетін WTA қорытынды турнирінен шықты. Мұнда чемпиондық атағын қорғауы тиіс болған қазақстандық теннисші 2026 жылғы маусымды осымен аяқтады. Оның бірінші топтағы орнын украиналық Марта Костюк иеленді.
Бұл туралы WTA спортшының мәлімдемесін жариялап, хабарлады. «Барлық жанкүйерлеріме биылғы қорытынды турнирден шығуға мәжбүр болғанымды өкінішпен хабарлаймын. Маусымым керемет өтті, бірақ денем жарысқа физикалық тұрғыдан дайын емес», — делінген мәлімдемеде. Рыбакина біраз уақыт үйде демалып, 2027 жылғы маусымға дайындалатынын айтты. Сондай-ақ ол наурызда WTA 1000 турнирі өтетін Индиан-Уэллске қайта оралатынын жеткізді.
27 жастағы Рыбакина турнирді 8 қарашада 21 жастағы чехиялық Линда Носковамен ойнап ашуы керек еді. Носкова — әлемнің сегізінші ракеткасы әрі Уимблдон-2026 чемпионы. Енді онымен рейтингте оныншы орында тұрған 24 жастағы Костюк кездеседі. Топта украиналық теннисшіге америкалық Коко Гауфф (әлемнің 4-ракеткасы) және Джессика Пегула (5-ракетка) қарсылас болады. Қорытынды турнир — маусымның соңғы жарысы, оған жылдың үздік сегіз теннисшісі іріктеледі. Олар екі топқа бөлініп, әр топтан үздік екеуі жартылай финалға шығады.
Турнирге қатыспағандықтан, қазақстандық теннисші былтырғы чемпиондық үшін алған ұпайларынан айырылады. Алайда жыл қорытындысы бойынша әлемнің бірінші ракеткасы атағы өзінде қалады: рейтингте оны енді ешкім қуып жете алмайды. Рыбакина маусымды 54 жеңіс пен 14 жеңіліспен және төрт титулмен аяқтады. Ол Australian Open, US Open, Штутгарт пен Нинбо турнирлерін жеңіп алды. Мельбурн мен Нью-Йорктегі жеңістер оның Үлкен дулыға турнирлеріндегі екінші және үшінші титулы болды. US Open-нан кейін ол қорытынды турнирге жолдама алған алғашқы теннисші атанды.
Маусым соңында Рыбакинаның денсаулығы сыр бере бастады. Қазан айының соңында ол мойнындағы жарақатына байланысты Токио турнирінен шықты, ал 6 қарашада ауырып қалып, Индиан-Уэллстегі медиакүнге қатыспады. Қазақстандық теннисші қазан айында-ақ мансабында алғаш рет жылды бірінші ракетка болып аяқтайтынын қамтамасыз еткен еді.
Бір жыл бұрын Рыбакина Эр-Риядтағы қорытынды турнирге сегіз қатысушының ең соңғысы болып ілікті. Бірақ ол жарыста бірде-бір рет жеңілмей, финалда Арина Соболенконы ұтты және әйелдер теннисі үшін рекордтық жүлде — 5,235 млн доллар алды.



