Латвияның «Рига» футбол клубы 7 қарашада Вирслиганың соңғы, 36-турында РФШ командасымен ойынға шықпайтынын мәлімдеді. Матч 8 қарашаға белгіленген еді. Клуб бұл шешімді принципті әрі бұрын-соңды болмаған қадам деп атады. Оның айтуынша, ойынның турнирлік және спорттық маңызы қалмаған, ал маусым бойы лигада «әділдік дағдарысы» орын алған.
«Рига» бойкоттың себебі ретінде төрешілердің жүйелі түрде жіберген өрескел қателіктерін атады. Клубтың пікірінше, осы қателіктер турнир кестесіне әсер еткен. Сонымен қатар этика нормалары мен фейр-плей қағидаттары бірнеше рет бұзылған. Клуб мәлімдемесінде «Рига» мен Вирслиганың өзге клубтары Латвия футбол федерациясына (ЛФФ) ауызша да, жазбаша да талай рет ескерткенімен, федерация немқұрайлы қалғаны айтылған. Мұндай жағдайда алаңға шығу әділетсіздікпен келісу болар еді деп санайды клуб. «Рига» жанкүйерлерден кешірім сұрап, мәселеге назар аудартып, оның шешілуіне қол жеткізгісі келетінін жеткізді.
Бойкот туралы мәлімдемені «Рига» ресми Instagram парақшасында жариялады.
Вирслига — Латвия чемпионатының жоғарғы дивизионы. Мұндағы чемпион атағының иесі анықталып қойған: РФШ 1 қарашада, 35-турда мерзімінен бұрын чемпион атанып, лиганы төртінші рет жеңіп алды. Соңғы тур алдында команданың 89 ұпайы бар, «Риганың» ұпайы — 83, екеуі де бірдей ойын өткізген. Үшінші орындағы «Ауданың» 70 ұпайы бар, сондықтан «Рига» екінші орынды кез келген жағдайда сақтап қалады.
«Рига» чемпиондыққа үмітін қазан айының соңына дейін үзбеген еді. 26 қазанда команда «Гробиняны» 5:2 есебімен ойсырата жеңді, бірақ мәре сызығына екі тур қалғанда РФШ-дан төрт ұпай қалып қойды. Келесі турда қарсыласы бірінші орынды өзіне бекітті.
«Рига» қазір Конференциялар лигасының жалпы кезеңінде де өнер көрсетіп жүр, үш турдан кейін оның үш ұпайы бар. Осы кезеңде латвиялық клуб алматылық «Қайратпен» кездесті: 15 қазанда «Сконто» стадионында өткен ойын 1:1 есебімен тең аяқталды, ал қазақстандық команданың қақпашысы Темірлан Анарбеков пенальтиді қайтарды.



