Бүгін, 8 қарашада, әлемде Дүниежүзілік Wi-Fi-сыз күн атап өтіледі. Бұл — бейресми күн: осы күні сымсыз интернетті кем дегенде бірнеше сағатқа өшіріп қоюды ұсынады.
Бұл күнді 2016 жылы 8 қарашада коммерциялық емес Қоршаған ортаны қорғаушылардың халықаралық федерациясы (FAI) жариялады. Оның директоры, геобиолог Жоан Карлес Лопес Санчо Wi-Fi-ды «үнсіз ластану» деп атап, желіге кабель арқылы қосылуға кеңес берген. Неліктен дәл 8 қараша таңдалғанын федерация түсіндірмеген. Ғылым мереке авторларының қаупін растамайды. ДДСҰ 2006 жылы-ақ базалық станциялар мен сымсыз желілердің әлсіз радиосигналдары зиян келтіреді деген сенімді дәлел жоқ екенін жазған. Ал ДДСҰ тапсырысымен жасалып, 2024 жылы жарияланған шолу 1994–2022 жылдардағы 63 зерттеуді қарап, ұялы телефондар мен ми обыры арасында байланыс таппады.
Бұл күн көбіне испан тілді елдерде қалыптасты: ол туралы Чили, Колумбия және Эквадор газеттері жазады. Уақыт өте келе радиотолқындар туралы әңгіменің орнын цифрлық детокс басты. Бұл күні ноутбукті не теледидарды кабельмен қосады, кешті роутерді өшіріп өткізеді немесе телефонды ұшақ режиміне қойып, саябаққа не тауға серуендеуге шығады.
Ал Қазақстанда қоғамдық орындардағы тегін Wi-Fi көбейіп келеді. 2026 жылғы наурыздың соңындағы дерек бойынша, Freedom Telecom желісі елдің ең ірі 12 қаласында жұмыс істеген: бұл — 540 алаң және 4 мыңға жуық қолжетімділік нүктесі. Ол арқылы шамамен 2,2 млн адам интернетке шығып, 1,5 мың терабайттан астам дерек жіберген. Желі әуежайларда, вокзалдарда, саябақтарда, жағалауларда және стадиондарда бар, мысалы, «Медеу» маңында және Beeline Arena жаяу жүргінші аймағында. 2025 жылдың күзінде үкімет Freedom Telecom-пен бірге тегін интернеттің ұлттық операторын құратынын жариялады. Келесі кезекте шекара бекеттері, көлік тораптары, мектептер мен ауруханалар тұр.



