Мазмұнға өту

Рыбакина WTA қорытынды турнирі алдында ауырып қалды

Әлемнің бірінші ракеткасы кортқа шыға алмаса, топтағы орнын украиналық Марта Костюк алады.

Елена Рыбакина перед Итоговым турниром WTA-2026 в Индиан-Уэллсе

Әлемнің бірінші ракеткасы Елена Рыбакина АҚШ-тың Индиан-Уэллс қаласында өтетін WTA қорытынды турнирі басталарға екі күн қалғанда ауырып қалды. Қазақстандық теннисші сырқатына байланысты 6 қарашадағы медиакүнге қатыспады — сегіз қатысушының ішінде тек ол ғана келмеді. Оның баспасөз конференциясы сенбіге, 7 қарашаға ауыстырылды. Спортшының жағдайы туралы толық мәлімет айтылмады.

Рыбакина турнирді Уимблдон-2026 жеңімпазы, чехиялық Линда Носковамен кездесуден бастауы тиіс. Ойын 8 қарашада, жексенбіде, жергілікті уақыт бойынша сағат 12:00-де басталады. Қазақстан уақытымен бұл — 9 қарашаға қараған түні сағат 01:00. Егер қазақстандық теннисші ойнай алмаса, оның орнына қосалқы қатысушы — украиналық Марта Костюк шығады.

Қорытынды турнир — WTA маусымының соңғы жарысы. Оған жылдың ең үздік сегіз теннисшісі іріктеледі. Қатысушылар төрт адамнан екі топқа бөлінеді, әр топтан үздік екі ойыншы жартылай финалға шығады. Рыбакина бірінші топқа Носкова және америкалық Коко Гауфф пен Джессика Пегуламен бірге түсті. Екінші топта Арина Соболенко, Мирра Андреева, Элина Свитолина және Каролина Мухова ойнайды. Турнир 8–15 қараша аралығында өтеді. Алғашында оны Эр-Риядта өткізу жоспарланған еді, бірақ өңірдегі қауіпсіздік жағдайына байланысты Калифорнияға көшірілді.

Маусым соңында Рыбакинаның денсаулығы сыр беріп жүр. 30 қазанда ол мойнындағы жарақатына байланысты ширек финал алдында Токиодағы турнирден шықты. Yahoo Sports теннисшіге аллергия мен табанындағы жарақаттың салдары да кедергі келтіріп жүргенін жазды.

Рыбакина — турнирдің қазіргі чемпионы. 2025 жылы Эр-Риядта ол қорытынды турнирді бірде-бір жеңіліссіз өтіп, финалда Соболенконы ұтты және рекордтық 5,235 млн доллар жүлде алды. US Open-2026-дан кейін қазақстандық теннисші Соболенконы рейтинг басынан ығыстырып, жылды алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы ретінде аяқтайтын болды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз