Мазмұнға өту

Украина Ресейдегі «Искандер» бөлшектерін шығаратын зауытқа соққы берді

Мәскеудің оңтүстігіндегі Орел облыс орталығында түнгі зымыран соққысынан кейін «Протон» зауыты өртенді, ал дрондар сол түні Саратовтағы мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасады.

Пожар в районе завода «Протон» в Орле после ночной атаки 7 ноября
Фото: supernova_plus / «Слово і діло»

7 қарашаға қараған түні Мәскеудің оңтүстігінде, Украина шекарасынан алыс емес орналасқан Ресейдің Орел облыс орталығына зымырандар тиді. Украина БАҚ-тары мен OSINT сарапшыларының мәліметінше, соққы «Протон» зауытына (АҚ «Протон-Электротекс») тиген. Бұл кәсіпорын ресейлік «Искандер-М» баллистикалық зымырандары мен «Панцирь-С1» зениттік зымыран-зеңбірек кешендеріне электронды бөлшектер шығарады. Жарылыстан кейін зауытта ауқымды өрт шықты. Украина Қарулы күштерінің Бас штабы соққыны әзірге ресми растаған жоқ.

Орелдегі жарылыстар туралы алғашқы хабарлар Киев уақытымен шамамен сағат 00:50-де (Астана уақытымен 03:50) пайда болды. Қала тұрғындары зымыран дабылы кезінде жарылыс дыбыстарын естіген, ал желіде үлкен өрттің бейнежазбалары тарады. «24 Канал» украиналық Dnipro Osint жобасы мен куәгерлердің бейнежазбаларына сілтеме жасап жазғандай, жарылыс пен өрттің ошағы зауыттың басты әкімшілік-өндірістік ғимараттарының бірі — № 48 корпустың маңында болған, өрт осы корпусқа да тараған. Ресей билігі зардап туралы ештеңе хабарлаған жоқ.

Түнгі шабуылдан кейін Орелдегі «Протон» зауыты маңындағы өрт
Фото: supernova_plus / «Слово і діло»

«Протон» — Ресейдің әскери-өнеркәсіптік кешеніндегі маңызды буын. РБК-Украина мен «24 Канал» мәліметінше, зауыт күштік электроника мен жартылай өткізгіштер шығарады. Олардың қатарында Ресей украин қалаларын атқылап жүрген «Искандер-М» зымырандарының ұшыру қондырғыларына арналған коммутатор-инверторлар бар. Сондай-ақ зауыт ресейлік нысандарды дрондар мен зымырандардан қорғайтын «Панцирь» кешендеріне электронды бөлшектер жасайды. Санкцияларға байланысты Ресей мұндай жабдықты шетелден тез сатып ала алмайды. Сондықтан зауытқа жасалған әрбір соққы зымыран мен әуе қорғанысы жүйелерін шығаруға кедергі келтіреді.

Соққы қандай қарумен жасалғаны ресми түрде айтылмады. Украиналық мониторинг арналары бұл Fire Point компаниясы жасаған, 3000 шақырымға дейін ұшатын украиналық FP-5 «Фламинго» қанатты зымырандары болуы мүмкін деп болжайды, бірақ бұл расталмаған. «Протонға» шабуыл екі апта ішінде екінші рет жасалып отыр. Украина БАҚ-тарының мәліметінше, 23 қазанда зымырандар зауыттағы ірі өндіріс және құрастыру цехын толық қиратқан.

«Главком» жергілікті дереккөздерге сілтеме жасап хабарлағандай, сол түні дрондар Еділ бойындағы ірі қала — Саратовтағы «Роснефть» компаниясының мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасады. Саратов облысы Қазақстанның Батыс Қазақстан облысымен шектеседі. Зауыттың өнеркәсіптік аймағында жарылыстар естіліп, ресейлік әуе қорғанысы жұмыс істеді. Залалдың көлемі туралы әзірге дерек жоқ. Украина қорғаныс күштері Саратов мұнай өңдеу зауытына биыл бірнеше рет, соның ішінде 31 мамырда, 2 тамызда және 8 қыркүйекте шабуыл жасаған, сол кезде зауытта өрт шыққан.

Ресейдің әскери зауыттары мен мұнай өңдеу нысандарына соққы беру — Украинаның басқыншыдан қорғану құқығы. Бұл соққылар Ресей әскерін зымыраннан, әуе қорғанысы құралдарынан және соғысқа жұмсайтын қаражаттан айырады. Соңғы апталарда қорғаныс күштері Ресейдің ішкі аймақтарындағы өнеркәсіп нысандарына үнемі соққы беріп келеді: 6 қарашада украиналық дрондар Краснодар өлкесіндегі Афипский мұнай өңдеу зауытына, ал 5 қарашада Рязань мұнай өңдеу зауытына шабуыл жасаған. Ресейге соққылар АҚШ, Украина және Ресейдің үшжақты келіссөздеріне дайындық аясында жалғасып жатыр. Депутат Давид Арахамияның айтуынша, келіссөздің бірінші кезеңі 10–11 қарашада Әбу-Дабиде өтеді. Ал сол түні Ресей Киевке баллистикалық зымыран атып, тұрғын үй мен балабақшаны зақымдады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз