Ақтауда ұзаққа созылған жаңбырдан кейін коммуналдық қызметтер бір тәулікте жолдардан шамамен 10 мың текше метр су сорып алды. Жұмыс 7 қарашада күні бойы және түні бойы жүрді, 8 қарашада күшейтілген режимде жалғасты. Бұл туралы Ақтау қаласының әкімдігі хабарлады.
Көшелерге 20-ға жуық арнайы техника мен 50-ге жуық жұмысшы шықты. Түнде су ең көп жиналған 11 учаскеде жұмыс істелді. 8 қарашада таңертең техника мына жерлерде су сорды:
- 17 және 18А шағынаудандарының қиылысында;
- «Хазар» базарының маңында;
- 29 және 29А шағынаудандарының арасында;
- 13 және 15, сондай-ақ 11 және 14 шағынаудандарының арасында.
«Коммуналдық қызметтер жүру бөлігі мен оған іргелес аумақтардағы суды сорып жатыр. Қазір қаладағы жағдай жауапты қызметтердің бақылауында», – деді қала әкімдігінде.
Бір күн бұрын қиын учаскелерді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бекбол Орынбасаров пен Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаш аралап шықты. Олар 17 және 18А шағынаудандарының арасындағы жолды және 31-шағынаудандағы «Хазар» базарының аумағын қарады. Онда су әсіресе көп жиналғандықтан, су сору жұмысына төтенше жағдайлар департаментінің техникасы тартылды. Қызметтерге жұмысты жеделдету тапсырылды.
Ал тұрғындар нөсердің салдарына шағымданып жатыр. 7 қарашада кешке 19-шағынаудандағы «Тыныштық» тұрғын үй кешенінің жерасты паркингін су басты. Тұрғындар суды құм толтырылған қаптармен өздері тоқтатуға тырысты. Олардың айтуынша, мұндай жағдай жыл сайын дерлік қайталанады: қатты жаңбыр жауғанда су кешенге қарай ағып, паркингке құйылады. Lada.kz редакциясына 17, 20 және 28-шағынаудандардың тұрғындары да хабарласқан: біреулерінің шатыры ағып тұр, енді біреулерінің подъезін су басқан.
Мұнайлы ауданының ауылдарында да су сорылып жатыр. Атамекен ауылдық округінде алты вакуумдық машина мен бір мотопомпа, Басқұдықта екі мотопомпа мен екі ассенизациялық көлік, Маңғыстау ауылында төрт арнайы техника жұмыс істеп тұр. Облыс әкімдігінде аудандардағы жағдай тұрақты екенін айтты: «Төтенше шара қабылдауды қажет ететін су басу жағдайлары тіркелген жоқ».
«Қазгидромет» синоптиктері 8 қарашада Ақтауда тағы да жаңбыр жауатынын, түнде кей жерлерде қатты болатынын, солтүстік-шығыс желдің екпіні секундына 15–20 метрге жететінін болжаған.



