Мазмұнға өту

АҚШ Иранды құрлық пен Каспийде де блокадаға алатын топ құрды

Каспий теңізі Қазақстанды да шайып жатыр, бірақ CENTCOM америкалықтар бақылайтын нақты бағыттар мен порттарды атамады.

Ворота на пограничном переходе Тафтан между Пакистаном и Ираном
Фото: Reuters

АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Iron Gate («Темір қақпа») атты жедел топ құрды. Топтың міндеті – Иранның құрлықтағы шекаралары мен Каспий теңізі арқылы қару-жарақ, қосарлы мақсаттағы технологиялар, санкцияға ілінген тауарлар мен ақша тасымалын тоқтату. Бұл туралы қолбасшылық 7 қарашада, сенбі күні мәлімдеді.

Топ құрамында 20-ға жуық әскери және азаматтық маман бар. Ол Флорида штатындағы Тампа қаласында орналасады және АҚШ-тың басқа ведомстволарымен бірлесіп жұмыс істейді. CENTCOM қолбасшысы адмирал Брэд Купердің айтуынша, жаңа топ «Иранға қарсы теңіздегі мызғымас блокадамыздың табысын бекітеді». Оның сөзінше, ведомстволардың бірлескен жұмысы Иранның «терроризмді қаржыландыру, қару зауыттарын қайта салу және әскерін толықтыру мүмкіндігін шектейді».

Қолбасшылық нақты шекара бекеттері мен порттарды атамады. CENTCOM Иранның Ирак, Түркия, Армения, Әзербайжан, Пәкістан, Ауғанстан және Түрікменстанмен шекарасын атап өтті.

Каспий теңізі Иранмен қатар Қазақстан, Ресей, Әзербайжан және Түрікменстан жағалауын шайып жатыр. Қазақстан Иранға астық пен өсімдік майын сатады, оның бір бөлігі Каспий арқылы кемемен жөнелтіледі.

Иран АҚШ-тың жоспарын байыппен қабылдамады. Fars агенттігінің хабарлауынша, Ислам революциясы сақшылары корпусының (ИРСК) өкілі Хосейн Мохеби оны «жай ғана сөз ойыны» деп атады. Оның пікірінше, АҚШ бұл тәсілмен Иран экономикасын құлата алмайды.

Катар университетінің профессоры Махджуб Зуэйри Al Jazeera-ға берген түсініктемесінде Каспий маңындағы елдердің көмегінсіз АҚШ-тың Каспийге шығуға мүмкіндігі жоқ екенін айтты. Ол сондай-ақ жаңа топ «Ресеймен қақтығыс тудыруы мүмкін» деп ескертті.

АҚШ Парсы және Оман шығанақтарындағы Иран порттарын теңізден блокадаға алатынын шілдеде жариялаған. CENTCOM мәліметінше, содан бері америкалық әскерилер 147 сауда кемесін кері бұрып, бағынудан бас тартқан тағы бесеуін істен шығарған. Қолбасшылықтың бағалауынша, Иран мұнай сатудан түсетін 25 млрд доллардан астам табыстан айырылған.

Тегеран өз кезегінде Ормуз бұғазын жабық ұстап отыр. Иран бұғазды АҚШ жеңілдік жасаса, оның ішінде блокаданы алып тастаса ғана ашатынын айтады. Lloyd’s List Intelligence деректеріне қарағанда, қазір бұғаз арқылы өтетін кемелер саны соғысқа дейінгіден шамамен бес есе аз.

Соғыс 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға соққы беруімен басталды. Қазір Катардың делдалдығымен келіссөздер жүріп жатыр, ал осы аптада аймаққа АҚШ-тың үшінші авиатасымалдаушысы – Theodore Roosevelt келуі тиіс.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз