Иранда 8 қарашада, жексенбі күні қаңтардағы үкіметке қарсы наразылыққа қатысты деп айыпталған үш ер адамның өлім жазасы орындалды. Олар – Хасан Дивбанд, Хамид Каземи және Реза Зангане. Бұл туралы сот билігінің Mizan Online сайты хабарлады. Үкімдер Жоғарғы сот бекіткеннен кейін таңертең орындалған.
Сот билігінің мәлімдеуінше, сотталғандар «Израильдің сионистік режимі, АҚШ және дұшпан топтар мүддесі үшін жедел әрекеттерге қатысқан». Айыптау тарабының нұсқасы бойынша, олар Тегераннан батысқа қарай орналасқан Кередж қаласындағы наразылық кезінде Молотов коктейлі мен граната лақтырып, суық және атыс қаруын қолданған, қоғамдық нысандарды өртеп, электр қосалқы станциясын зақымдаған. Соның салдарынан қаланың бір бөлігінде жарық сөнген.
Сот билігінің дерегінше, Дивбанд 11 қаңтарда ұсталған. Онымен бірге оның басшылығымен тәртіпсіздікке қатысты деп айыпталған тағы он адам қамауға алынды. Олар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Өлім жазасына кесілгендердің мүлкі тәркіленеді.
Иранда наразылық желтоқсанда баға өсуіне байланысты басталып, 8–9 қаңтарда шарықтау шегіне жетті. Ел билігі 3117 адам қаза тапқанын хабарлаған, ал HRANA құқық қорғау ұйымы 7 мыңнан астам наразылық білдірушінің көз жұмғанын айтады. Тегеран тәртіпсіздіктерге АҚШ пен Израильді кінәлады, ал шетелдегі құқық қорғаушылар наразылық білдірушілерге оқ атқан қауіпсіздік күштерін айыптайды.
5 қарашада жарияланған БҰҰ Бас хатшысының баяндамасына сәйкес, наразылыққа байланысты 31 провинцияда кемінде 53 777 адам ұсталған. 10 мамырға дейін кемінде 14 адамның өлім жазасы орындалып, тағы кемінде 40 адам өлім жазасына кесілген. Барлығы наразылыққа қатысты істер бойынша 53 адам өлім жазасын күтіп отырған.
Arab News басылымының жазуынша, ақпанның соңында АҚШ пен Израиль Иранға соққы беріп, Таяу Шығыста соғыс басталғаннан кейін Иранда өлім жазасы жиілеген. Бұған дейін Иран соты әлеуметтік желідегі жазбасы үшін бір студент қызды өлім жазасына кескен болатын.



