«Қазгидромет» 9 қарашаға, дүйсенбіге, елдің басым бөлігінде дауылды ескерту жариялады. Ескерту Астана, Алматы және Шымкент қалаларын да қамтиды. Солтүстікте қар аралас жаңбыр, боран мен көктайғақ, шығыс пен оңтүстік-шығыста қатты жел, оңтүстікте нөсер мен найзағай күтіледі. Ескертулердің көбі жексенбі сағат 20:00-ден дүйсенбі сағат 20:00-ге дейін күшінде болады.
Астанада жаңбыр қарға ұласады, түнде жауын-шашын күшейеді. Жел оңтүстік-батыстан солтүстік-батысқа ауысып, түнде екпіні секундына 15–20 метрге жетеді.
Ақмола облысының батысы мен солтүстігінде жаяу борасын мен көктайғақ күтіледі, түнде кей жерлерде қатты жаңбыр мен қар жауады. Көкшетауда да қатты жауын-шашын мен көктайғақ болады. Қостанай облысының оңтүстігі мен шығысында қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болады.
Жел әсіресе шығыс пен оңтүстік-шығыс өңірлерде күшейеді:
- Жетісу облысы — екпіні 23–28 м/с, Алакөл көлдері маңында кей кезде 30 м/с және одан да көп;
- Абай облысы — солтүстігі, батысы мен орталығында 23–28 м/с, Семейде 15–20 м/с;
- Жамбыл облысы — күндіз 23–28 м/с, Таразда 25 м/с-қа дейін;
- Шығыс Қазақстан облысы — 25 м/с-қа дейін, Өскеменде күндіз 15–20 м/с;
- Алматы облысы — оңтүстігі мен шығысында, таулы аудандарда және Қонаевта 18–23 м/с.
Алматыда Медеу және Бостандық аудандарының таулы бөлігінде күндіз жел 18 м/с-қа дейін күшейеді, қалада жоғары өрт қаупі сақталады. Сонымен қатар синоптиктер Алматы мен Талдықорғанда, ал түнде Атырауда қолайсыз метеорологиялық жағдай болатынын ескертті. Яғни әлсіз жел мен тұманның кесірінен зиянды заттар жерге жақын қабатта жиналып, ауа ластанады.
Оңтүстікте жаңбыр жауады. Түркістан облысы мен Шымкентте күндіз кей жерлерде нөсер құйып, облыстың батысында найзағай ойнайды. Шымкентте таңертең және күндіз желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Қызылорда облысының шығысында қатты жаңбыр күтіледі, ал Қызылорданың өзінде төтенше өрт қаупі болады.
Түнде және таңертең Қарағанды, Жезқазған, Павлодар, Қостанай, Атырау мен Орал қалаларын тұман басады, Ақтауда да тұман түсуі мүмкін. Батыс Қазақстан облысында тұманмен қатар көктайғақ болады.
Жексенбіде де елдің барлық облысында дауылды ескерту жарияланған еді. Ұзаққа созылған жаңбырдан кейін Ақтауда көшелерден су сорылды, ал Ақмола мен Павлодар облыстарындағы трассаларда жазғы шинамен жүруге тыйым салынды.



