Мазмұнға өту

Тараздағы теміржол вокзалын қайта жаңғырту аяқталды

Бірінші сыныпты вокзал арқылы күн сайын шамамен 2,4 мың жолаушы өтеді, ал станцияға Қазақстан мен Ресей қалаларына қатынайтын 36 пойыз тоқтайды.

Здание железнодорожного вокзала станции Тараз после реконструкции

Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласындағы Тараз станциясының теміржол вокзалы қайта жаңғыртылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі хабарлады. Жұмыстар Республика күні қарсаңында аяқталды.

Вокзал бірінші сыныпқа жатады. Одан күн сайын орта есеппен 2 444-ке жуық жолаушы өтеді. Станцияға 36 жолаушылар пойызы қатынайды. Олар Таразды Алматы, Астана, Шымкент, Түркістан, Қарағанды, Семей, Павлодар, Ақтөбе, Орал, Атырау, Қостанай, Көкшетау, Қызылорда, Петропавл, Сарыағаш қалаларымен, сондай-ақ Ресейдің бірқатар қаласымен байланыстырады.

Аумағы 3 035 шаршы метр болатын екі қабатты ғимараттың қасбеті, шатыры, ішкі бөлмелері мен инженерлік желілері толық жаңартылды. Перрон мен іргелес аумақ та абаттандырылды. Қасбет травертинмен қапталып, цокольге отандық гранит плитка төселді. Терезелер мен витраждар орнына отандық өндірістің энергия үнемдейтін шыны пакеттері бар алюминий конструкциялары орнатылды.

Ғимараттың ішін әрлеуге жанбайтын материалдар пайдаланылды, дыбыс өткізбейтін тақталы төбелер мен тозуға төзімді еден жабындары төселді. Министрлік мәліметінше, мұның бәрі ғимаратты энергия жағынан үнемді, пайдалануда сенімді әрі пойызға отыруды күткен жолаушыларға ыңғайлы етуі тиіс.

Вокзал ғимараты 1986 жылы салынған. Ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан теміржол вокзалдарын жаңғырту бағдарламасы бойынша қайта жаңғыртылды. Осы бағдарлама бойынша Маңғыстау облысында «Маңғыстау» вокзалы да қайта жаңғыртудан кейін ашылды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз