Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында «Маңғыстау» теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан кейін ашылды. Үш қабатты жаңа ғимараттың ауданы 9 мың шаршы метрден асады. Бұл бұрынғы 763,7 шаршы метрлік вокзалдан 11 еседен астам үлкен. Ашылу салтанатына көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов пен облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай қатысты.
Вокзал тәулігіне 2,5 мың жолаушыға, ал жазғы қарбалас маусымда 4 мың жолаушыға дейін қызмет көрсетуге есептелген. Ғимаратта алты лифт, екі эскалатор және бес траволатор орнатылды. Күту залдары, билет кассалары, ана мен бала бөлмесі бар, мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға жағдай жасалған. Вокзал маңында 160 көлікке арналған тұрақ салынып, айналасы абаттандырылды.
Қайта жаңғыртуға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тапсырыс берді. Жоба 2024 жылғы қазанда мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған. 2026 жылғы маусымда нысанның құрылыс дайындығы 56 пайыз деп бағаланып, оны қараша айында тапсыру жоспарланған еді.
Вокзал теміржол вокзалдарын жаңғырту жөніндегі жалпыұлттық бағдарлама бойынша жаңартылды. Өңірде осы бағдарламамен Бейнеу мен Шетпе вокзалдары да қайта жаңғыртылып жатыр, оның ішінде «Шетпе» вокзалы жолаушы қабылдай бастады.



