Түркістанда Республика күні мен Қала күні қарсаңында 588 пәтерлі 14 жеті қабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа қоныстанушыларға пәтер кілттерін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров табыстады, деп хабарлады облыс әкімдігі. Үйлер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынды.
Тұрғын үй кешені қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында, 3,5 гектар аумақта орналасқан. Пәтерлердің жалпы ауданы – 36 720,6 шаршы метр. 588 пәтердің 194-і жалға беріледі, қалған 394-і жеңілдетілген ипотекалық несие бағдарламасы бойынша бөлінеді.
Жыл басынан бері Түркістанда 2 мыңнан астам пәтері бар 43 көпқабатты үй салынып бітті: оның 706-сы жалға берілетін, 1 382-сі жеңілдетілген ипотекаға арналған баспана. Облыс бойынша биыл 3 мыңнан астам пәтер салынып жатыр, оның 2 434-і тұрғындарға тапсырылды.
Маусым айында Түркістанда тағы 512 отбасы жаңа баспанаға ие болған еді. 2018–2025 жылдары Түркістан облысында кезекте тұрғандарға жалпы ауданы шамамен 1,26 млн шаршы метр болатын 23 633 пәтер берілді.



