Қазақстанның 18 өңірінде жылыту маусымы басталды, деп хабарлады Энергетика министрлігі. Түркістан облысы мен Шымкентте жылу бекітілген кестеге сәйкес беріледі. Қысқа дайындық Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің республикалық штабында талқыланды. Отырысқа әкімдіктер, KEGOC, «Самұрық-Энерго», ҚТЖ, көмір компаниялары мен энергетика кәсіпорындарының өкілдері қатысты.
Маусымға дейін 377 шақырым жылу желісін жоспарлы күрделі жөндеу аяқталды. Ең көп желі Ақмола, Абай, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында жөнделді. Сонымен қатар 17,1 мың шақырым электр беру желісі, 444 қосалқы станция, 3 408 тарату құрылғысы мен трансформаторлық қосалқы станция жөндеуден өтті.
Электр станцияларында жөндеу науқаны жалғасып жатыр. 2026 жылғы жоспар бойынша 9 энергоблок, 55 қазандық және 51 турбина күрделі жөнделуге тиіс. Қазір 8 энергоблок, 47 қазандық пен 31 турбина дайын. Министрлік маусымға қажетті жабдықтың жұмыс істеп тұрғанын нақтылады.
Энергетика кәсіпорындарындағы көмір қоры – 5,7 млн тонна, мазут қоры – 130 мың тонна. Маусым бойы халық пен коммуналдық-тұрмыстық секторға шамамен 7,3 млн тонна көмір қажет, жылыту басталғанда 3,5 млн тонна көмір қорланған. Комитет төрағасы Ернар Хасенов көмір жеткізуді қатаң бақылауды, тапшылық пен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуді, сондай-ақ көмір тұйықтарының жұмысын күн сайын қадағалауды тапсырды.
Жылу беру мерзімін әр өңір өзі белгілейді. 2027 жылы елдегі коммуналдық желілерді жаңғыртуға 1,8 трлн теңге бөлу жоспарланып отыр.



