Таразда өтіп жатқан бокстан Қазақстан чемпионатында 85 келіге дейінгі салмақтың финалдық жұбы анықталды. Алтын медаль үшін астаналық Темірлан Мұқатаев пен Алматы облысының өкілі Сұлтанбек Айбарұлы кездеседі. Екеуі де 5 қарашада жартылай финалда жеңіске жетті.
Мұқатаев алматылық Бекнұр Батырбекті төрешілердің бірауызды шешімімен жеңді. Бес төрешінің бәрі 30:27 есебімен оның пайдасына шешім шығарды.
Айбарұлы астаналық Тимур Нұрсейітовты мерзімінен бұрын жеңді. Бірінші раунд Нұрсейітовтың еншісінде қалды, екінші раундта Айбарұлы есепті теңестірді, ал үшінші раундта қарсыласын нокаутқа жіберді. Батырбек пен Нұрсейітов турнирді қола медальмен аяқтады.
Мұқатаев жасөспірімдер мен жастар арасында бес мәрте Азия чемпионы атанған. 2026 жылғы шілдеде ол Джакартада 85 келіге дейінгі салмақта 23 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионатын жеңіп алды. Финалда өзбекстандық Норбек Абдуллаевты жеңді.
Ел чемпионаты 30 қазанда басталып, 6 қарашада аяқталады. Жарысқа 20 өңірден 369 боксшы қатысып жатыр. Медальдар ерлер мен әйелдер арасында он салмақ дәрежесінен сарапқа салынады.
Жартылай финал күні бірнеше күтпеген нәтиже тіркелді. 75 келіге дейінгі салмақта 23 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионы Аман Қонысбеков 2017 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұлды жеңді, ал 55 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы Оразбек Асылқұлов жеңілді.



