Қазақстан мен Қытайдың авиация билігі екі ел арасындағы тұрақты рейстер лимитін аптасына 150-ден 180-ге дейін арттыруға уағдаласты. Бұған қоса, бағыттар желісіне Қытайдың екі жаңа қаласы – Чэнду мен Қашғар енгізіледі. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.
Тараптар 4 қарашада Ташкентте өткен екіжақты келіссөзде келісімге келді. Келіссөз «Қытай – Орталық Азия» (С5+1) азаматтық авиация саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жұмыс тобының конференциясы кезінде өтті. Қазақстан делегациясын Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева, Қытай делегациясын Қытай Азаматтық авиация әкімшілігі (CAAC) бас директорының орынбасары Бай Вэньли бастады.
Лимит кеңейгендіктен екі елдің әуе компаниялары рейстерді көбейтіп, жаңа бағыттар аша алады, ал жолаушыларға тікелей рейстер мен ауысып ұшу нұсқалары көбейеді. Министрлік бұл шешімді жолаушылар ағынының, іскерлік және туристік сапарлардың өсуімен байланыстырды.
Қытай – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі. Бұған дейін Air Astana мен China Southern стратегиялық серіктестік орнатып, ұшу кестелерін үйлестіруге және код-шеринг рейстерін дамытуға келіскен. Осы аптада Қазақстан Өзбекстанмен рейстер лимитін аптасына 60-қа дейін кеңейтті.



