Мазмұнға өту

АҚШ-та радар мен байланыс ақауынан барлық ұшу төрт сағатқа тоқтады

АҚШ Көлік министрі Шон Даффи ақаудың себебін ескі жабдықтан көреді, ал билік кибершабуыл белгісін тапқан жоқ.

Самолёт American Airlines заходит на посадку в аэропорту имени Рейгана в Вашингтоне
Фото: Reuters

АҚШ Федералдық азаматтық авиация әкімшілігі (FAA) 13 қарашада, жұма күні, елдегі барлық әуежайдан ұшуға тыйым салды. Себебі — әуе қозғалысын басқару орталықтарындағы радар мен байланыс ақауы. Тыйым төрт сағаттан астам уақытқа созылды: ол Вашингтон уақытымен шамамен 16:00-де (Астана уақытымен 02:00 шамасында) енгізіліп, 20:00-ден сәл кейін (Астана уақытымен 06:15 шамасында) алынды.

Flightradar24 сервисінің дерегінше, тоқтау 10 мыңнан астам рейске әсер етіп, мыңнан астам рейс жойылды. Cirium талдау компаниясы ақаудан зардап шеккен жолаушылар санын 1,5 млн деп бағалайды. АҚШ Көлік министрі Шон Даффидің айтуынша, тыйым енгізілген сәтте әуеде 3,5 мыңнан астам ұшақ болған. Оларға межелі жерге жетіп, қонуға рұқсат берілді, ал АҚШ-қа ұшып келе жатқан халықаралық рейстер FAA-ның шұғыл хабарламасына сәйкес жеке тәртіппен қабылданды.

Даффидің сөзінше, ақау сағат 15:36-да басталған: ел бойынша әуе қозғалысын басқару орталықтарында радар мен байланыс іркіліспен жұмыс істей бастаған. Олар толық өшпеген, бірақ деректер қатемен келіп, шамадан тыс жүктелген коммутаторлар мен маршрутизаторлар сөніп қалған. «Ескі жабдық істен шықты», — деді министр. Оның айтуынша, FAA қазір енгізіп жатқан жаңа SMART жүйесі емес, дәл ескірген техника бұзылған.

АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрі Маркуэйн Маллин кибершабуыл белгілері жоқ екенін мәлімдеді. Мамандар қазір ескі жабдық жаңадан орнатылып жатқан техникамен қайшы келмей ме, соны тексеріп жатыр.

Ұшақтар қайта ұша бастады, бірақ кесте қалпына келгенше әлі біраз уақыт өтеді. «Бүгін түстен кейін болған жайттың салдарын реттеуге уақыт керек», — деді Даффи. Ньюарк әуежайы тыйым алынғаннан кейін де кешігулер мен рейстердің жойылуы жалғасып жатқанын ескертті. Delta Air Lines барлық рейсін қайта бастағанын хабарлады, Мексика билігі де АҚШ-қа ұшуға рұқсат берді.

Бұл — 2023 жылғы қаңтардан бері АҚШ-та ел көлемінде ұшудың алғаш рет тоқтатылуы: ол кезде FAA-ның негізгі компьютерлік жүйесі істен шыққан еді. Оған дейін мұндай жағдай тек 2001 жылғы 11 қыркүйектегі терактілерден кейін болған. Америкадағы әуе қозғалысын басқару жүйесі көптен бері жабдық ақауынан, байланыс іркілісінен және диспетчер тапшылығынан зардап шегіп келеді. Өткен жылы Конгресс оны жаңартуға 12,5 млрд доллар бөлді, ал жұма күні FAA мен Ақ үй тағы 30,1 млрд доллар сұрады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз