«Ұмай» – Қазақстанда тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетін әйелдерді қолдау үшін іске қосылған ерекше бастама. Бағдарламаны ресми табысы бар жұмыс істейтін қазақстандық әйелдерге арнап «Отбасы банк» әзірлеген. Ол тиімді шартпен ипотекалық несие алуға мүмкіндік береді. Бағдарлама Азия даму банкінің (АДБ) қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылады, сондықтан ипотека төмендетілген пайыздық мөлшерлемемен ұсынылады.
«Ұмай» әйелдер ипотекасы 2021 жылы іске қосылып, үш жыл бойы табысты жұмыс істеді. 2024 жылы бағдарлама іске қосылмады, ал 2026 жылы «Отбасы банк» оны қайта жандандырды: өтінім қабылдау 2026 жылғы 31 тамызда басталды. Сұраныс өте жоғары болды – бірінші кезеңнің лимиті шамамен жеті сағатта таусылып, осы уақытта банк 855 өтінім қабылдады. 2026 жылы бағдарламаға барлығы 45 млрд теңгедей қарастырылған, қаражат АДБ-дан транштармен түседі. Азия даму банкі 20 млрд теңгелік екінші траншты мақұлдап қойды. Жаңа өтінім қабылдау күнін «Отбасы банк» қосымша хабарлайды (БАҚ мәліметінше, ол 2026 жылғы қарашада басталуы мүмкін). Бағдарламаның мақсаты бұрынғыша – әйелдерге баспана алуға көмектесу, олардың экономикалық белсенділігі мен дербестігін арттыру.
2026 жылы «Ұмай» ипотекасына кім үміткер бола алады
Бұрын бағдарлама табысы шағын әйелдерге арналған еді, ал 2026 жылы табыс шегі едәуір көтерілді: отбасының (қарыз алушы мен оның жұбайының) орташа айлық таза табысы 1,25 млн теңгеден аспауы керек. Бұл бағдарламаға қатыса алатындар санын көбейтеді.
«Ұмай» бағдарламасына қатысудың негізгі шарттары:
- Жасы мен азаматтығы. Бағдарлама бойынша ипотеканы кәмелетке толған Қазақстан азаматшалары ала алады.
- Жұмыспен қамтылуы. Бағдарлама соңғы 6 айда ресми расталған табысы немесе зейнетақы жарнасы бар қазақстандық әйелдерге арналған. Жалдамалы қызметкерлер де, кәсіпкерлер де қатыса алады. Ресми табысы жоқ әйелдер бұл бағдарлама бойынша ипотекаға үміткер бола алмайды.
- Отбасылық жағдайы. Әйелдер ипотекасы күйеуге шыққандарға да, тұрмыс құрмағандарға да қолжетімді. Қарыз алушы тек әйел болады, тұрғын үй де соның меншігіне ресімделеді.
- Тіркеуі мен тұратын жері. Тұратын өңірге немесе тіркеуге қатысты шектеу жоқ – баспананы Қазақстанның кез келген қаласынан сатып алуға болады.
Айта кету керек, «Ұмай» бағдарламасына тұрғын үйі бар әйелдер де қатыса алады. Мысалы, екінші немесе үшінші пәтер сатып алып, тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келсе болады. Төлем қабілетін арттыру үшін қосалқы қарыз алушыларды тартуға болады.
«Ұмай» ипотекасының шарттары
«Ұмай» бағдарламасы ипотекалық несиелеудің ерекше шарттарын ұсынады. Олар қазақстандық әйелдер үшін баспана сатып алуды жеңілдетеді:
- Бастапқы жарна. Банк Алматы мен Астанада тұрғын үй құнының 80%-ынан, Қазақстанның басқа қалаларында 85%-ынан аспайтын бөлігін қаржыландырады. Демек, өз жарнаңыз Алматы мен Астанада кемінде 20%, қалған өңірлерде кемінде 15% болады. Есеп екі соманың азырағынан – сатып алу-сату шартындағы бағадан немесе бағалау құнынан жүргізіледі.
- Табыстың ең жоғары деңгейі. 2026 жылы отбасының орташа айлық таза табысы 1,25 млн теңгеден аспауы тиіс.
- Пайыздық мөлшерлеме. Бірінші кезеңде мөлшерлеме жылдық 14,8% (ЖТСМ – 16,3–16,8%). Депозитте қарыз сомасының 50%-ы жинақталып, тұрғын үй құрылыс жинақ ақшасы жүйесінің шарттары орындалғаннан кейін мөлшерлеме жылдық 3,5–5%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Мөлшерлеме автоматты түрде төмендемейді.
- Қарыздың ең жоғары сомасы. Ол 50 млн теңге, мерзімі – 6 айдан 25 жылға дейін. Сондай-ақ қарыз алушы қазір тұрып жатқан баспананы жөндеуге 15 млн теңгеге дейін алуға болады.
- Жылжымайтын мүлікке қойылатын талаптар. Бастапқы нарықтан да, қайталама нарықтан да пәтер немесе жеке үй сатып алуға болады. Қайталама нарықтағы тұрғын үй 2016 жылғы 1 қаңтардан ерте пайдалануға берілмеуі керек. Жаңа үйдегі пәтер «Отбасы банктің» Baspana Market порталы арқылы таңдалып, брондалады. Салынып жатқан тұрғын үйді тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының кепілдігі немесе сақтандыру болған жағдайда алуға болады.
«Ұмай» ипотекасына өтінімді қалай беруге болады
2026 жылы өтінімдер кезең-кезеңімен, АДБ қаражаты түскен сайын қабылданады. Өтінімді бірнеше тәсілмен беруге болады, сондықтан әр әйел қай жерде тұрса да, қандай жұмыспен айналысса да, бұл процесс ыңғайлы әрі қолжетімді:
- «Отбасы банктің» ресми сайтында онлайн. Өтінімді hcsbk.kz сайтындағы «Бейне қызмет көрсету» сервисі арқылы ресімдеуге болады.
- Baspana Market порталындағы жеке кабинет арқылы. Мұнда жаңа үйден баспана таңдап, брондауға да болады.
- «Отбасы банк» бөлімшелерінде. Қазақстан бойынша банктің кез келген бөлімшесіне баруға болады. Бұл тәсіл жүзбе-жүз сөйлескенді қалайтын және несиелеу жөнінде қосымша кеңес алғысы келетіндерге ыңғайлы.
Өтінім берген кезде дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беру қажет. Банк мамандары сіздің қаржылық жағдайыңызды – табысыңызды, зейнетақы жарналарыңызды және басқа несиелеріңіздің бар-жоғын бағалайды. Осылайша төлем қабілетіңіз бен бағдарламаға қатысу мүмкіндігіңіз анықталады.
«Ұмай» бағдарламасының артықшылықтары мен кемшіліктері
«Ұмай» бағдарламасы қатысушыларға бірқатар елеулі артықшылық береді. Ең негізгісі – депозитке қаражат жинағаннан кейін пайыздық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігі. Соның арқасында ипотека табысы әртүрлі қазақстандық әйелдерге қолжетімді бола түседі. Бұл қаржылық дербестікке және жақсы тұрғын үй жағдайына ұмтылған әйелдерді экономикалық тұрғыдан қолдау үшін аса маңызды. Сонымен қатар бағдарламаға қатысушының басқа жылжымайтын мүлкі болуына рұқсат етіледі. Жалпы төлем қабілетін арттырып, қарыз сомасын көбейту үшін қосалқы қарыз алушыларды тартуға болады.
Дегенмен айқын артықшылықтарына қарамастан, бағдарламаның кемшіліктері де бар. Олардың бастысы – табыс деңгейіне қатысты шектеу. Бағдарлама қолжетімді бола түссе де, табысы ресми емес әйелдер өтінім беру кезінде қиындыққа тап болуы мүмкін. Оның үстіне сұраныс жоғары болғандықтан, қарыз лимиті тез таусылады, бұл өтінім берушілер арасындағы бәсекені күшейтеді.
Қазақстандағы «Ұмай» бағдарламасы – әйелдердің тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған маңызды қадам: ол әйелдерге өз баспанасын сатып алуға мүмкіндік береді. Бағдарлама қаржылай қолдау көрсетіп қана қоймай, әйелдердің экономикалық дербестігі мен елдегі әлеуметтік мәртебесін нығайтуға ықпал етеді.
Мөлшерлемені төмендету мүмкіндігі мен қолжетімді бастапқы жарнаның арқасында «Ұмай» ипотекалық несиені жұмыс істейтін қазақстандық әйелдердің кең тобына қолжетімді етеді. Бағдарламаның мақсаты – талаптарға сай келетін әр әйелге өз үйі туралы арманын жүзеге асыруға мүмкіндік беру.
Алайда сұраныстың жоғары екенін ескерген жөн: әйелдер ипотекасына өтінім беру бәсекелі жағдайда өтеді, сондықтан құжаттар мен жарнаға арналған қаражатты алдын ала дайындап қойған дұрыс. Сондай-ақ бағдарлама белгілі бір табыс деңгейі бар әйелдерге бағытталғанын ескеру керек, бұл оның халықтың кейбір топтары үшін қолжетімділігін шектеуі мүмкін.
Осылайша «Ұмай» ипотекасы – тұрғын үй жағдайын жақсарту арқылы әйелдерге өмір сапасын арттыруға, жеке және кәсіби мақсаттарына жетуге көмектесетін табысты әлеуметтік бастаманың үлгісі.



