Мазмұнға өту

Үндістанда автобус жүк көлігімен соқтығысып, 24 адам қаза тапты

Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди қаза тапқандардың отбасына 200 мың рупийден төлеуді тапсырды, ал полиция құрбандар саны көбеюі мүмкін екенін ескертті.

Люди у микроавтобуса, столкнувшегося с контейнеровозом у национального парка Казиранга в индийском штате Ассам
Фото: AP

Үндістанның Ассам штатында 13 қарашада, жұма күні, Казиранга ұлттық саябағының маңында шағын автобус контейнер тасығыш жүк көлігімен маңдайласа соқтығысып, кемінде 24 адам қаза тапты. Қаза тапқандардың арасында үйге қайтып келе жатқан колледж студенттері, автобус жүргізушісі мен оның көмекшісі, сондай-ақ кәмелетке толмағандар бар.

Полицияның дерегінше, кемінде 11 адам жарақат алған, ал Үндістанның PTI агенттігі шенеуніктерге сілтеме жасап, 20 адам зардап шеккенін хабарлады. Олар Бокахат ауруханасы мен Джорхаттағы медициналық колледжге жеткізілді. Голагхат округі полициясының басшысы Свапнанил Дека Reuters агенттігіне автобуста 30-ға жуық адам болғанын, қаза тапқандар саны көбеюі мүмкін екенін айтты.

Шағын автобус NH-715 тас жолымен Голагхаттан көрші Нагаон округіне бара жатқан, ал жүк көлігі Жоғарғы Ассам бағытында жүрген. Соққыдан автобустың алдыңғы бөлігі мыжылып, контейнер тасығыш жол жиегіне шығып кетті.

PTI дерегінше, автобус саябақ маңында белгіленген шектеуді бұзып, өте жоғары жылдамдықпен жүрген: билік жүргізуші басқаруды жоғалтқан деп болжайды. Бұл автобусқа бұған дейін де Казирангада жылдамдықты асырғаны үшін айыппұл салынған, олардың бір бөлігі әлі төленбеген. Штат министрі Атул Бора апатты Ассам тарихындағы ең ауыр жол апаттарының бірі деп атады, полиция оның себебін анықтап жатыр.

Ассамның бас министрі Химанта Бисва Сарма X желісінде қайғының ауқымы бәрін есеңгіретіп тастағанын жазды: «Ешқандай сөз отбасылардың қасіретін жеңілдете алмайды, бірақ олар жалғыз емес екенін білсін деймін. Осы қаралы сәтте бүкіл Ассам олармен бірге». Ол білім министрі Ранодж Пегуге жаралылардың емделуін қадағалауды тапсырды, өзі сенбі күні оқиға орнына барады. Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди көңіл айтып, қаза тапқан әрбір адамның отбасына 200 мың рупийден, жаралыларға 50 мың рупийден төлеуді тапсырды.

Казиранга — ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген ұлттық саябақ, ол бір мүйізді мүйізтұмсықтарымен танымал әрі штат астанасы Диспурдан шамамен 225 км шығыста орналасқан. Үндістан жол апатынан болатын өлім-жітім деңгейі ең жоғары елдердің бірі: мұнда жол апаты жиі болады, оның бір себебі — сапасыз жолдар мен тозығы жеткен көліктер.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз