Роналдиньо 15 қарашада, жексенбіде «Форлимен» өтетін дербиде «Равеннаның» негізгі құрамында алаңға шығады. Бұл 46 жастағы бразилиялық үшін 2015 жылдан бергі алғашқы ресми матч болмақ. Мұны Италияның үшінші дивизионындағы клубтың бас бапкері Андреа Мандорлини баспасөз мәслихатында мәлімдеді. Бұл туралы Fanpage хабарлайды. Ойын «Бруно Бенелли» стадионында Астана уақытымен сағат 21:30-да басталады.
«Ол ойынды алғашқы минуттан бастайды, ал қанша ойнайтынын бірге бағалаймыз. Біз оның позициясына бейімделуге тырысамыз, оның шабуылдағы үштікте ойнайтынын айта аламын», – деді Мандорлини. Бапкер ұзақ үзілісті мәселе деп санамайды: «Ол ешқашан бір орында тұрған емес, көптеген көрсетілім матчтарында ойнайды, дегенмен кәсіби чемпионаттың матчы, әрине, мүлде басқа. Біз кездесіп, сөйлесеміз, мен оған кеңес бермеймін. Оның деңгейіндегі, қазіргі дәуірдің ең ұлы ойыншыларының бірі үшін дұрыс техникалық-тактикалық шешімдерді табуға көп уақыт қажет емес».
Роналдиньо жұма күні түсте Форли әуежайына ұшып келді, оны «Равенна» президенті Иньяцио Чиприани қарсы алды. Жаңа серіктерімен ол бір-ақ рет жаттығады – сенбіде, ойын қарсаңында. «Равенна» C сериясының B тобында екінші орында тұр.
Матчқа деген қызығушылық орасан зор. Sky Sport мәліметінше, стадионның жанында 1800 орындық уақытша трибуна салынып жатыр, оған бразилиялықтың құрметіне R10 деген атау берілді. Әдетте 13 еуро тұратын қақпа сыртындағы трибунаға билет бұл жолы 30 еуродан (шамамен 14,7 мың теңге), жабық трибунадағы орын 120 еуродан (шамамен 59 мың теңге) сатылып жатыр. Клуб 1998 жылы «Ювентуспен» өткен кубок матчынан бері сақталып келе жатқан табыс рекордын жаңартуды көздеп отыр. Sky Sport ойынды тек Роналдиньоны бақылайтын жеке камерамен көрсетеді.
Роналдиньо соңғы ресми матчын 2015 жылғы 26 қыркүйекте «Флуминенсе» сапында өткізген, ал мансабын аяқтағанын 2018 жылғы қаңтарда жариялаған. 2026 жылғы маусымда ол досы Иньяцио Чиприаниге тиесілі «Равеннамен» келісімшарт жасасып, клубтың миноритарлық акционері атанды. Бразилиялық 2002 жылғы әлем чемпионатын, «Барселонамен» 2006 жылғы Чемпиондар лигасын және 2005 жылғы «Алтын допты» жеңіп алған, сондай-ақ ПСЖ мен «Миланда» ойнаған.



