Мазмұнға өту

«Номад» Континенттік кубокты «Азиагоны» жеңумен бастады

Ойын аяқталуына үш минут қалғанда кемшілікте ойнап жүріп жеңіс шайбасын соққан Артём Королёв дубль жасады.

Хоккеисты «Номада» в матче Континентального кубка против «Азиаго»
Фото: пресс-служба ХК «Номад»

Қазақстан хоккей чемпионы, астаналық «Номад» 13 қарашада Континенттік кубоктың екінші раундындағы D тобының алғашқы ойынында италиялық «Азиагоны» 3:2 есебімен жеңді. Континенттік кубок — Халықаралық хоккей федерациясы (IIHF) Еуропа елдерінің чемпион клубтары үшін өткізетін халықаралық турнир. Топ ойындары қарсылас командасының алаңында, Италияның Азиаго қаласында өтіп жатыр. Бұл туралы Sports.kz хабарлады.

Бірінші кезеңде Ник Порко көпшілікте ойнап жүріп есеп ашты, ал Кирилл Никитин есепті теңестірді. Екінші кезеңде Артём Королёв «Номадты» алға шығарды, бірақ 27-минутта Марко Маньябоско есепті қайта теңестірді. Ойынның тағдырын 57-минутта Королёв шешті: ол кемшілікте ойнап жүріп шайба соғып, дубль жасады.

Бірінші турдан кейін «Номад» үш ұпаймен D тобында көш бастап тұр. Румыниялық «Корона Брашовты» 2:1 есебімен жеңген даниялық «Херлев Иглздің» де ұпайы сонша. Астаналықтар 14 қарашада «Корона Брашовпен», 15 қарашада «Херлев Иглзбен» ойнайды. Екі ойын да Қазақстан уақытымен сағат 20:30-да басталады.

«Номадтың» шайбаларының бірін соққан Кирилл Никитин қараша айының басында Қазақстан құрамасы сапында Азия чемпионы атанды: турнирдің басында ол Жапония қақпасына жеңіс шайбасын соқты, ал құрама құрлық біріншілігінде қатарынан үшінші рет жеңді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз