Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігінің (EMA) дәрілер жөніндегі комитеті дәрігерлерге арналған хатты бекітті. Онда 2-типті қант диабеті мен артық салмаққа қарсы тирзепатид екпесі — «Мунджаро» жүктіліктен сақтандыратын таблеткалардың сенімділігін төмендетуі мүмкін екені айтылған. Жүкті болуы мүмкін және мұндай таблетка ішетін әйелдерге екі нұсқаның бірін таңдау ұсынылады: ем басталғаннан кейінгі төрт апта және дозаның әр арттырылуынан кейінгі төрт апта бойы қосымша кедергі әдісін, мысалы, презервативті пайдалану немесе таблетка түрінде емес сақтану құралына көшу.
Мұның себебі дәрінің әсер ету тәсілінде. Тирзепатид асқазанның босауын баяулатады, сондықтан ем кезінде ішілетін таблеткалар нашар сіңуі мүмкін. Мұндай ескерту препараттың америкалық нұсқаулығында бұрыннан бар. EMA хатында «Мунджаро» қабылдайтын бала көтеру жасындағы әйелдерге контрацепция ұсынылатынын еске салады. Сонымен бірге семіздігі, артық салмағы немесе 2-типті қант диабеті бар әйелдерде дәрінің таблеткалардың сіңуі мен сенімділігіне қалай әсер ететіні туралы деректер әзірге аз екенін мойындайды.
Қазақстанда да тирзепатид бар. 2026 жылғы қыркүйекте Денсаулық сақтау министрлігі осы заттан жасалған алғашқы препаратты — «Промомед» компаниясының ресейлік «Тирзеттасын» тіркеді. Eli Lilly компаниясының «Мунджаросы» министрліктің тамыздағы дерегі бойынша жеделдетілген тіркеуден өтіп жатқан. Әсер етуші заты бір болғандықтан, кез келген тирзепатид егетін және жүктіліктен сақтандыратын таблетка ішетін әйелдерге қорғану тәсілін дәрігермен алдын ала талқылаған жөн.
Соңғы апталарда бұл топтағы препараттарға қатысты бұл алғашқы ескерту емес: қарашаның басында FDA «Оземпик» пен соған ұқсас дәрілерден көру қабілетін жоғалту қаупі бар екенін хабарлаған.
Кез келген дәріні қабылдамас бұрын дәрігермен кеңесіңіз.



