Мазмұнға өту

Зендея мен Николас Кейдж бір серия үшін 1 млн доллардан алған – Variety

Variety дерегінше, ең көп табатындар – Дженнифер Энистон мен Риз Уизерспун, олар «Таңғы шоудың» бір эпизоды үшін 2 млн доллардан алады.

Актриса Зендея
Фото: Glenn Francis / Wikimedia Commons

Америкалық актриса Зендея «Эйфория» сериалының үшінші маусымының әр сериясы үшін 1 млн доллар (шамамен 444 млн теңге) алған. Николас Кейджге де жабылып қалған «Өрмекші-Нуар» сериалы үшін дәл осынша төленген. Бұл туралы Variety телевидениедегі ең жоғары қаламақыларға арналған шолуында жазды.

Тізімді Дженнифер Энистон мен Риз Уизерспун бастап тұр. Басылым дерегінше, Apple TV-дегі «Таңғы шоу» жұлдыздары бір эпизод үшін 2 млн доллардан (шамамен 887 млн теңге) алады. Variety мәліметінше, «Талса королі» сериалындағы Сильвестр Сталлоне мен «Өлім тізімі» сериалындағы Крис Пратт та шамамен осынша табады.

Шолуға сәйкес, бір серия үшін 1 млн доллар шегінен басқа да жұлдыздар асқан. Олардың қатарында Харрисон Форд пен Джейсон Сигел («Терапия»), Селена Гомес, Стив Мартин және Мартин Шорт («Бір ғимараттағы кісі өлтірулер»), Джейк Джилленхол («Кінәсіздік презумпциясы»), Роберт Де Ниро («Нөлінші күн») және Алан Ричсон («Ричер») бар.

«Бұл сериалдарды алып жүре алатын жұлдыздарға деген сұраныс қазір бұрын-соңды болмағандай жоғары», – деді Variety-ге агенттердің бірі. Оның айтуынша, «бұрын біреудің бір эпизод үшін 2 млн доллар алуы естілмеген нәрсе еді».

Variety-дің X желісіндегі жарияланымы:

https://x.com/Variety/status/2120929616798052464

Зендея 30 жаста. Ол 2019 жылдан бері HBO арнасының «Эйфория» сериалында Ру Беннетт рөлін ойнап келеді және бұл рөлі үшін «Эмми» сыйлығын екі рет алды. Сериалдың үшінші маусымы 2026 жылдың көктемінде шықты. Актрисаның бір серия үшін шамамен 1 млн доллар алуы мүмкін екенін БАҚ 2023 жылы-ақ жазған.

Актер Николас Кейдж
Сурет: Georges Biard / Wikimedia Commons

62 жастағы Николас Кейдж «Өрмекші-Нуар» сериалында 1930 жылдардағы Нью-Йорктегі қартайған жеке детективті сомдады. Жоба бірінші маусымнан кейін жабылды. «Мен үшін бір маусым – тамаша: осы қауіпті, жаңашыл, поп-арт стиліндегі Өрмекші адам арқылы айтқым келгеннің бәрін айттым. Алға, жоғары, тереңге», – деп пікір білдірген еді сол кезде актер.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз