Ислам революциясы сақшыларының корпусы (ИРСК) 13 қарашада аэроғарыш күштері Бахрейндегі АҚШ-тың ерте ескерту радарына соққы бергенін мәлімдеді. ИРСК-ке жақын Fars агенттігінің хабарлауынша, радар «нысанаға алынып, жойылған». Бахрейнде АҚШ Әскери-теңіз күштерінің 5-флотының штабы орналасқан. Вашингтон да, Манама да мәлімдемеге әзірге пікір білдірген жоқ, ал ақпарат тәуелсіз түрде расталмады.
ИРСК бұл соққыны Хормозган провинциясындағы Ормуз бұғазы жағалауында орналасқан Сирик портындағы телекоммуникация мұнарасына жасалған әуе шабуылына жауап деп атады. Сириктің 12 қарашада «жау отына» ұшырағанын бұған дейін мемлекеттік IRNA агенттігі ресми дереккөздерге сілтеме жасап хабарлаған. Сирикке кім соққы бергенін иран тарапы ашық атамады.
Tasnim агенттігі таратқан мәлімдемеде ИРСК бұл соққыны «агрессорға берілген байыпты ескерту» деп сипаттады. Тегеранның пікірінше, агрессор Ормуз бұғазында әуе арандатуларын және мұнай контрабандасын ұйымдастырып отыр. «Егер бұл бұзушылықтар мен агрессия әрекеттері қайталанса, ИРСК аэроғарыш күштері шектеусіз әрекет етуге толық дайын», — делінген құжатта. Reuters агенттігінің дерегінше, бұл — Иранның қыркүйектің басынан бері Парсы шығанағы елдеріндегі американ әскери нысандарына шабуыл жасағаны туралы алғашқы мәлімдемесі.
Ақ үйде сөйлеген АҚШ Президенті Дональд Трамп Парсы шығанағы елдері Иранға жаңа соққы беруді кейінге қалдыруды сұрағанын айтты, деп хабарлайды Al Jazeera. Сонымен бірге ол Катардың делдалдығымен жүріп жатқан келіссөздер мәмілеге әкелмесе, соғысқа қайта оралуға дайын екенін мәлімдеді.
Израильдің Kan қоғамдық телеарнасының хабарлауынша, Израиль армиясына Иранмен соғыстың қайта басталу ықтималына дайындықты күшейту тапсырылған. Иранның Ұлттық қауіпсіздік жоғарғы кеңесінің хатшысы Мохсен Резаи бұған дейін АҚШ жаңа соғыс бастаса, оған қатысқан кез келген әскери база Таяу Шығыстан бастап Еуропаға дейін заңды нысанаға айналатынын ескерткен.
Ормуз бұғазы — Парсы шығанағы мұнайын тасымалдайтын басты бағыттардың бірі, ал оның маңындағы оқиғалар Қазақстанның негізгі экспорттық тауары — мұнайдың әлемдік бағасына әсер етеді.
Соғыс 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға соққы беруінен басталды. Одан кейін Тегеран Парсы шығанағы елдеріндегі американ базаларына шабуыл жасап, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын шектеуге тырысты, ал АҚШ Иран порттарын теңізден қоршауға алды. АҚШ Орталық қолбасшылығының (CENTCOM) мәліметінше, қоршау әлі жалғасуда. Қақтығыста тыныштық орнағанымен, шабуылдар тоқтаған жоқ: бұған дейін ИРСК Ормуз бұғазында екі супертанкер жарылғанын хабарлаған.


