«Гавр» бас бапкер етіп «Бавария» мен «Вердердің» бұрынғы қорғаушысы, 51 жастағы Валерьен Исмаэльді тағайындады, деп хабарлады клуб. Келісімшарт маусым соңына дейін жасалды.
Исмаэль — «Страсбур» тәрбиеленушісі, ойыншы ретінде ол «Кристал Пэлас», «Ланс», «Вердер» және «Бавария» сапында да ойнаған. Француз бапкерлік жолын Германияда — «Нюрнберг» пен «Вольфсбургте» бастады, Грекия, Австрия және Түркияда жұмыс істеді, ал соңғы жылдары Англияда «Барнсли», «Вест Бромвич», «Уотфорд» және «Блэкберн» клубтарын басқарды. «Гаврда» бапкердің «төтенше жағдайларды» бұрын да бастан өткергенін атап өтіп, «бұл алдағы апталарда оған өте пайдалы болуы мүмкін» деп отыр.
Исмаэльмен бірге клубқа көмекшілері Деннис Баразновски мен Мо Сахли, сондай-ақ қақпашылар бапкері Шарль Чеслински келді. Жаңа бапкерді «Гаврдың» президенті мен спорт директоры Blue Crow Sports Group мамандарының қолдауымен іздеді. Тағайындау негізгі құрамның жаттығуларды қайта бастаған кезімен тұспа-тұс келді.
1872 жылы құрылған және Франциядағы ең көне футбол клубы саналатын «Гавр» қараша айының басында Дидье Дигармен жолын айырып, бапкерсіз қалған еді. Соңғы ойында команда үйде «Лорьяннан» 0:2 есебімен жеңілді. Осы аптада Лига 1-дегі тағы бір клуб бапкерін ауыстырды — «Ланс» Каюзакты қызметінен босатты.



