Мазмұнға өту

Дүниежүзілік мейірімділік күні бүгін — 13 қараша

Бүгін, 13 қарашада, әлемде Дүниежүзілік мейірімділік күні атап өтіледі, биыл бұл кішігірім игі істер күні БҰҰ Қазақстанның ұсынысы бойынша жариялаған Халықаралық еріктілер жылына тұспа-тұс келді.

Волонтёры в синих футболках и перчатках раскладывают продукты по пакетам
Фото: Joel Muniz / Unsplash

Бүгін, 13 қарашада, әлемде Дүниежүзілік мейірімділік күні атап өтіледі. Бұл — кішігірім игі істердің күні: көршіге көмектесу, бейтаныс адамды қолдау, жай ғана біреуге жақсылық жасау.

Мерекені мемлекеттер емес, қоғамдық ұйымдар ойлап тапқан. Оның бастауы Жапонияда жатыр. 1963 жылы Токио университетінің президенті, физик Сэйдзи Кая түлектерді батылдық танытып, кішігірім игі істер жасауға шақырды. Осы сөз Жапониядағы «Кішкене мейірімділік қозғалысына» бастау болды. 1997 жылы бұл қозғалыс Токиода Аустралия, Ұлыбритания, Канада, Сингапур, Таиланд және АҚШ-тағы осындай ұйымдардың басын қосты. Дүниежүзілік мейірімділік қозғалысы осылай құрылды. Мерекенің күні қозғалыстың алғашқы конференциясына орай таңдалды: ол 1998 жылғы 13 қарашада Токиода ашылды. Сол кезде жапон қозғалысының құрылғанына 35 жыл толған еді.

Қазір Дүниежүзілік мейірімділік қозғалысына 25-тен астам елдің ұйымдары кіреді. Бұл күні мектептерде мейірімділік туралы сөз қозғалады, еріктілер көмек жинайды, адамдар бір-біріне жылы лебіз жазылған ашықхаттар таратады. Аустралия 2012 жылы бұл мерекені ұлттық мектеп күнтізбесіне енгізді. Сингапурда ол алғаш рет 2009 жылы тойланды, сол жолы 45 мың сары гүл таратылды. Ал Канадада бұл күні мейірімділік концерті өтеді. Қазақстанда мейірімділік күнін мектептер, жоғары оқу орындары және еріктілер топтары атап өтеді: сынып сағаттарын өткізеді, азық-түлік пен қажетті заттар жинайды, қарттар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі.

Биыл мереке Тұрақты даму мақсатындағы халықаралық еріктілер жылына тұспа-тұс келді. Бұл жылды БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның ұсынысы бойынша жариялады, бастаманы 60-тан астам ел қолдады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің дерегінше, елімізде 300 мың белсенді ерікті бар. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда алты есе көп. Еріктілер ұйымдары бұрын 224 болса, қазір олардың саны 810-нан асады. 2026 жылдың бірінші жартысында түрлі акциялар мен жобаларға 200 мыңнан астам ерікті қатысты. Еріктілік қызметті көтермелеу қағидаты енді жаңа Конституцияда бекітілген. Жыл соңына дейін министрлік еріктінің цифрлық паспортын іске қосуды жоспарлап отыр, онда адамның тәжірибесі мен дағдылары есепке алынады. Сондай-ақ еріктілер қозғалысын 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы әзірленеді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз