«Реал Мадрид» Мадрид мэриясынан шамамен 20 млн еуро (шамамен 9,9 млрд теңге) өтемақы талап етіп отыр. Клуб бұл қаржыны «Сантьяго Бернабеу» маңындағы жерасты автотұрақтарына салған, ал соттар олардың құрылысына берілген рұқсатты заңсыз деп таныған. Бұл туралы Vozpópuli басылымы хабарлады. Талап клубтың 21 қарашадағы ассамблея алдында мүшелеріне таратқан экономикалық есебінде көрсетілген.
Басылымның мәліметінше, клуб Кастельяна даңғылындағы автотұраққа салынған қаржыны қайтару рәсімін бастады. Падре Дамиан көшесіндегі екінші тұрақтың құрылысы мүлде басталмаған. Есепте бұрын концессия төлемі ретінде есептелген 4 млн еуроның (шамамен 2 млрд теңге) қайтарылғаны да көрсетілген. Клубтың еншілес компаниясы Aparcamientos del Santiago Bernabéu 2025 жылғы есебінде-ақ сот концессияны түпкілікті жойса, мэрия оның салған қаржысын өтеуге тиіс екенін атап өткен.
Мадрид мэрі Хосе Луис Мартинес-Альмейда журналистерге мэрия клубтан әзірге ешқандай талап алмағанын айтты: «Бізге ешқандай талап белгісіз». Оның сөзінше, қала автотұрақтардың бірін тұрғындарға арналған орындармен аяқтауға бола ма, соны зерделеп жатыр. elDiario.es басылымының жазуынша, концессия шартында «жұмыстардың тоқтатылуы мердігерге залалды өтеу құқығын бермейді» деп тікелей жазылған. Бұған дейін клуб аяқталмаған нысандарға жұмсаған шығынын 22,5 млн еуро (шамамен 11,1 млрд теңге) деп бағалаған.
Бұл дау 2021 жылдан бері созылып келеді. Сол жылдың жазында «Реал» екі автотұраққа да өтінім берді, ал 2023 жылы конкурста жалғыз қатысушы ретінде жеңіске жетті. 2024 жылғы мамырда Мадридтің әкімшілік істер жөніндегі соты «Бернабеуден» зардап шеккен тұрғындар қауымдастығының арызы бойынша рұқсатты жойды, ал қыркүйекте олардың өтініші бойынша құрылысты тоқтатты. 2025 жылғы 20 қазанда Мадрид жоғары соты мэрия мен клубтың апелляцияларын қанағаттандырмады: жоба жаңа қоғамдық талқылаусыз өзгертілген, ал оның қоғамға пайдасы күмән тудырады. 2026 жылғы 24 маусымда Испанияның Жоғарғы соты «Реалдың» кассациялық шағымын қабылдаудан бас тартты, сөйтіп шешім түпкілікті күшіне енді. Концессия клубқа ондаған жыл бойы жүздеген миллион еуро табыс кепілдендірер еді.


