Брэд Питт Apple Original Films студиясының «Коннектор» (Connector) фильмінде басты рөлді сомдайды. Фильмді «Оскар» алған «Металл дыбысы» драмасының режиссері Дариус Мардер түсіреді. Бұл туралы 12 қарашада алғаш болып Deadline хабарлады, ал Apple TV бұл жаңалықпен X желісіндегі парақшасында бөлісті.
Оқиға 1970 жылдардағы Нью-Йоркте өрбиді. Питт жұмысшы табының аңызына айналған биіктік монтажшысын ойнайды. Оның кейіпкері өзінен әлдеқайда ірі әрі күшті күштерге қарсы шығуға мәжбүр болады. Питт фильмнің атқарушы продюсері де болады.
Сценарийді Мардер бауыры Нина Мардермен бірге жазды. Оның негізіне «Көк валентин» және «Қарағай астындағы мекен» фильмдерінің режиссері Дерек Сиэнфрэнс ойлап тапқан оқиға алынды. Түсірілімнің қашан басталатыны және фильмнің қашан шығатыны әзірге белгісіз.
Мардер үшін бұл — «Металл дыбысынан» кейінгі алғашқы режиссерлік жұмыс. Сол драмада Риз Ахмед естуінен айырылып бара жатқан барабаншыны ойнаған. Фильм «Оскардың» алты номинациясына, соның ішінде «Үздік фильм» номинациясына ұсынылып, екі мүсіншені — дыбыс пен монтаж үшін жеңіп алды.
Питт үшін «Коннектор» — Apple-мен алғашқы жоба емес. Студия онымен бірге «F1» жарыс драмасын шығарды, ол Apple тарихындағы кассалық табысы ең жоғары фильм атанды. Джордж Клуни екеуі ойнаған «Қасқырлар» криминалдық комедиясы да осы студияда шықты. 62 жастағы актер жақында Дэвид Финчердің «Бір кездері… Голливудта» фильміндегі каскадер Клифф Бут туралы жаңа фильмінің және Эдвард Бергердің The Riders триллерінің түсірілімін аяқтады.



