Австралиядағы Крис Хемсворт пен Эльза Патакидің үйіне белгісіз төрт адам кіріп, үш көлікті айдап кетті. Жұбайлардың үйі Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында, Байрон-Бейдің оңтүстігіндегі Брокен-Хедте орналасқан. Ұрлық туралы алғаш болып Австралияның 7NEWS телеарнасы хабарлады, ал құқық қорғау органдарына сілтеме жасап, толық мәліметті TMZ жариялады.
Полиция жергілікті уақыт бойынша 11 қараша, сәрсенбі күні таңғы сағат 7:30 шамасында шақырылды — бұл Астана уақытымен түнгі 1:30. «Полиция қызметкерлері оқиға орнына барды, оларға белгісіз төрт адам аумаққа кіріп, сол күні ертерек үш көлікті айдап кеткенін хабарлады», — делінген полиция мәлімдемесінде. «Зардап шеккендер туралы хабарланған жоқ», — деп қосты ведомство. Тергеу жалғасып жатыр.
7NEWS мәліметінше, бетперде киген ұрылар қоршаудан асып өтіп, кілті ішінде қалған көліктер тұрған гаражға жеткен. Айтылуынша, олардың екеуі пышақ ұстаған. Түнгі сағат екілер шамасында Эльза Патаки иттердің үргенінен оянған, бірақ оған мән бермеген. Бетперделі адамдарды ол таңертең ғана бейнебақылау камераларының жазбасынан көрген. Сол кезде үйде жұбайлардың үш баласы да ұйықтап жатқан.
Ұрылар BYD көлігін және Ram мен Raptor пикаптарын айдап кеткен. Екі көлік үйден бір сағаттық және екі сағаттан астам жол жүретін Кораки мен Табулам қалашықтарынан табылды. TMZ хабарлауынша, үшінші көлік бейсенбі күні Леннокс-Хедтен табылған. Үшеуі де криминалистикалық сараптамаға жіберілді.

43 жастағы Крис Хемсворт — Marvel фильмдеріндегі Тор рөлімен әлемге танылған австралиялық актер. Биыл ол «Қылмыс 101» криминалдық триллерінде ойнады. Испаниялық актриса Эльза Патаки «Форсаж» франшизасы арқылы танымал. Жұбайлар 2010 жылдан бері бірге және көп жылдан бері Байрон-Бей маңында тұрады.



