Илон Масктың ең ірі екі компаниясы – SpaceX пен Tesla бірігу жөніндегі келіссөзде алға жылжып, мәміле туралы желтоқсанда-ақ жариялауы мүмкін. Бұл туралы 13 қарашаға қараған түні келіссөз барысынан хабардар адамдарға сілтеме жасап, Bloomberg агенттігі хабарлады. Бірігу жүзеге асса, тарихтағы ең ірі мәміле болады.
Агенттіктің дерегінше, қазір екі компанияның директорлар кеңестері мен кеңесшілері мәміле шарттарын және біріккен компанияны басқару тәртібін келісіп жатыр. Басты мәселенің бірі – Tesla акционерлері SpaceX-тің қанша акциясын алатыны. Тараптар жариялауды 2027 жылдың басына шегеру нұсқасын да талқылаған. Tesla мен SpaceX Bloomberg сауалдарына бірден жауап бермеді.
Әңгіме екі алып компания туралы болып отыр. Маусымда биржаға шыққан SpaceX қазір 1,9 трлн доллардан астам (шамамен 845 трлн теңге), ал Tesla шамамен 1,5 трлн доллар (шамамен 667 трлн теңге) тұрады. Bloomberg есебінше, SpaceX-тің IPO-сы Маскты әлемдегі алғашқы триллионерге айналдырды. Әзірге ең ірі бірігу мәмілесі британдық Vodafone-ның 2000 жылы неміс Mannesmann компаниясын шамамен 183 млрд долларға сатып алуы саналады.
Біріккен компания электромобильдерді, энергия сақтайтын аккумуляторларды, зымырандар мен спутниктерді бір шаңырақ астына жинар еді. Мақсат – жасанды интеллектіні бірден ғарышта да, жүргізушісіз көліктерде де, адам тәрізді роботтарда да қолдану. Компаниялардың ортақ жобалары қазірдің өзінде бар: мысалы, Техастағы Terafab бірлескен чип зауыты.
Басты қиындық – Tesla-ның Қытайдағы бизнесі: Bloomberg жазуынша, тараптар оны компанияның қалған бөлігінен қалай бөлектеуді талқылап жатыр. SpaceX-тің АҚШ үкіметімен және әскерімен келісімшарттары бар, ал Tesla-ның Қытайда ірі әрі табысты өндірісі жұмыс істейді. Бұл реттеушілер мен акционерлердің мәмілені мақұлдауын қиындатуы мүмкін. JPMorgan сарапшысы Раджат Гупта қазанда мұны «бір-біріне қайшы келетін негізгі факторлар» деп атаған. Саяси тәуекел де бар: аралық сайлауда Конгреске бақылауды алған демократтар Масктың бизнесі мен саяси байланыстарын тексеруге уәде берген. Bloomberg бұған дейін компаниялар мәмілені Дональд Трамптың президенттік мерзімі аяқталғанға дейін жапқысы келетінін хабарлаған.
Инвесторлар жаңалықты сабырмен қабылдады. 12 қарашадағы сауда барысында Tesla акциялары 1,9%-ға дейін қымбаттады, ал SpaceX қағаздары Астана уақытымен сағат 01:20-ға қарай (Нью-Йорк уақытымен 15:20-да) 0,5%-ға өсті.
Ықтимал бірігу туралы Bloomberg алғаш рет 2026 жылғы қаңтардың соңында, SpaceX биржаға шықпай тұрып жазған. Қазанда SpaceX IPO-дан кейін алғаш рет пайда көрсеткен үшінші тоқсан қорытындысы бойынша инвесторлармен өткен қоңырауда Маск бірігуді «жақсы идея» деп атап, екі компанияда тәуелсіз директорлардан арнайы комитеттер құрылғанын растады. Биыл SpaceX Масктың xAI жасанды интеллект компаниясын өзіне қосып алған болатын. Tesla акционерлерінің жылдық жиналысы 3 желтоқсанда өтеді.



