Мазмұнға өту

Nvidia басшысы Дженсен Хуанг отставкаға кетті, акциялар 4,3%-ға құлады

Компанияны уақытша қаржы директоры Колетт Кресс басқарады, ал Nvidia тарихында алғаш рет директорлар кеңесінің жеке төрағасы тағайындалды.

Штаб-квартира Nvidia в Санта-Кларе, вид сверху
Фото: Wikimedia Commons

Nvidia-ның негізін қалаушылардың бірі Дженсен Хуанг компанияның президенті және бас директоры қызметтерінен кетіп, директорлар кеңесінің құрамынан шықты. Nvidia Астана уақытымен 12 қарашада сағат 18:48-де жариялаған хабарламаға сәйкес, шешім бірден күшіне енді. Компанияны уақытша қаржы директоры Колетт Кресс басқарады – тұрақты мұрагер табылғанша ол қаржы директоры қызметін де сақтайды.

Директорлар кеңесі жаңа бас директорды іздеуді бастап кетті, үміткерлер компания ішінен де, сырттан да қарастырылады. Nvidia тарихында алғаш рет кеңестің төрағасы тағайындалды – бұл қызметке чиптерді жобалауға арналған бағдарламалар әзірлейтін Synopsys компаниясының бұрынғы бас директоры әрі атқарушы төрағасы Харви Джонс келді. «Директорлар кеңесі Колеттке және басшылар командасына толық сенім артады», – деді Джонс. «Біз бұрынғыдай клиенттерімізге, серіктестерімізге, әзірлеушілеріміз бен акционерлерімізге қызмет етуге назар аударамыз», – деді Кресс.

Нарық бұған күрт жауап беріп, кешке қарай сабасына түсті. CBS News хабарлауынша, сауда басында Nvidia акциялары 14,3%-ға, 148,80 долларға дейін құлдырады, бірақ кейін шығынның басым бөлігін қайтарып, күнді 4,3%-ға төмендеумен, 166,19 доллар деңгейінде аяқтады. Сауда барысында компанияның нарықтық құны 2025 жылдан бері алғаш рет 4 трлн доллардан төмен түсті. Өткен аптаның соңынан бері Nvidia шамамен 500 млрд долларға (шамамен 222 трлн теңге) арзандады: дүйсенбі мен сейсенбіде акциялар 9,6%-ға құнсызданды, ал сәрсенбі кеші кеңес Хуангтың тағдырын шешіп жатқаны белгілі болғанда, биржа жабылғаннан кейінгі саудада 8,6%-ға құлады.

Отставка қараша басында басталған жанжалдың қорытындысы болды. 8 қарашада директорлар кеңесі Хуанг шетелдік барлаудың нысанасына айналғаны туралы хабарлардан кейін тәуелсіз тексеру бастайтынын жариялады. БАҚ дерегінше, ол Nvidia-ның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы басты серіктесі – сингапурлық Megaspeed компаниясының бұрынғы басшыларының бірімен көңіл қосқан, ал АҚШ барлау қызметтері ол әйелді Қытайдың агенті деп санайды. Megaspeed-тің өзі қытайлық компанияларға 4,8 млрд долларлық Nvidia чиптері қорына қол жеткізуге көмектесті деген күдікке ілініп отыр. Кейін The New York Times Хуангтың екінші байланысы – оған тікелей бағынатын Nvidia вице-президенттерінің бірімен қарым-қатынасы туралы хабарлады. Тексеруді ФБР, АҚШ Конгресі және компанияның өзі жүргізіп жатыр, ал Nvidia-ға қарсы акционерлердің ұжымдық талап арызы берілді.

Сарапшылар салдарын бағалауға тырысып жатыр. Yorkville Ives компаниясынан Дэн Айвс Хуангсыз Nvidia акциясын 225 доллар деп бағалайды, ал онымен бірге – 300 доллар. Швейцариялық Swissquote банкінен Ипек Озкардескайяның пікірінше, «оның кетуі салдарынан компания қанша табыстан айырылатынын дәл бағалаудың сенімді жолы жоқ».

Отставкадан бір күн бұрын, 11 қарашада, X желісіндегі «Илон, өтінемін, Дженсенді жұмысқа ал» деген жазбаға Tesla мен SpaceX басшысы Илон Маск: «Бұл мәртебе болар еді», – деп жауап берді. Маск қандай қызметті меңзегенін нақтыламады.

https://x.com/elonmusk/status/2120688743111971293

Хуангты Қазақстанмен жақында болған сапары байланыстырады. Қазанда ол елге алғаш рет келіп, Астанадағы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында болды – сол жерде Қазақстан Nvidia-ға физикалық ЖИ хабын ашуды ұсынды. Сонымен қатар Nvidia қазақстандық Higgsfield ЖИ-стартапына инвестиция салды.

63 жастағы Хуанг Nvidia-ны серіктестерімен бірге 1993 жылы құрып, оны 33 жыл басқарды: осы уақытта бейнекарталар өндірушісі жасанды интеллектіге арналған чиптердің әлемдегі басты жеткізушісіне айналды. Оған компания акцияларының шамамен 3,6%-ы тиесілі. Nvidia тоқсандық есебін енді онсыз – Астана уақытымен 18 қарашаға қараған түні жариялайды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз