Мазмұнға өту

ДДСҰ: туберкулез бір жылда 1,1 млн адамның өмірін қиды

Баяндама әлем халқының 99%-дан астамы тұратын 187 ел мен аумақтың деректеріне негізделген.

Микобактерии туберкулёза (палочки Коха) под электронным микроскопом
Фото: CDC / Wikimedia Commons

2025 жылы әлемде шамамен 10,6 млн адам туберкулезбен ауырып, 1,1 млн адам көз жұмды. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 12 қарашада жарияланған туберкулез туралы жаңа баяндамасында айтылған. Ауру шегініп келеді: 2015 жылмен салыстырғанда одан болатын өлім 35%-ға азайды. Дегенмен туберкулез әлі де басқа жұқпалы аурулардың бәрінен көп адамның өмірін қиып отыр.

Осылайша әлем ДДСҰ-ның туберкулезді жою стратегиясындағы өлім-жітім жөніндегі алғашқы межеге жетті, бірақ жоспардан бес жыл кешікті. Сырқаттанушылық жағы көңіл көншітпейді: 2015 жылдан бері 100 мың адамға шаққандағы жаңа жағдай саны небәрі 14%-ға төмендеді, ал 2025 жылға қарай оны екі есе қысқарту көзделген еді. 2000 жылдан бері туберкулезді емдеу шамамен 86 млн адамның өмірін сақтап қалды.

Табыстар біркелкі емес. Сырқаттанушылық Қазақстан да кіретін ДДСҰ-ның Еуропа өңірінде ең көп азайды — он жылда 42%-ға. Африкада бұл көрсеткіш 30%-ға, Оңтүстік-Шығыс Азияда 18%-ға, Шығыс Жерорта теңізі өңірінде 6,6%-ға төмендеді. Тынық мұхитының батыс бөлігінде өзгеріс жоқ, ал Америкада сырқаттанушылық бесінші жыл қатарынан өсіп, 2015 жылғы деңгейден 13%-ға асып кетті. Ауырғандардың 88%-ға жуығы 30 елде тұрады.

Көп науқас әлі де анықталмай жүр. Ауырған 10,6 млн адамның 8,4 млн-ына ғана диагноз қойылды, тағы 2,2 млн адам анықталмай не есепке ілікпей қалды. Жаңадан анықталған науқастардың тек 59%-ы ДДСҰ ұсынатын жедел тестен өтті. Негізгі дәрі рифампицин әсер етпейтін, яғни дәріге төзімді түрімен шамамен 370 мың адам ауырды, бірақ олардың 42%-ы ғана ем алды.

Елдердің өз қаржысы көмекке келді: туберкулезбен күреске бөлінетін ішкі қаржы бір жылда 14%-ға артып, 5,6 млрд долларға жетті және халықаралық көмектің қысқаруын едәуір өтеді. Ал жаңа вакцина, тест пен дәрі жасауға арналған зерттеулерге 2023 жылы 1,2 млрд доллар жұмсалды — бұл жылына қажетті 5 млрд доллардың төрттен бірінен де аз.

«Көптеген үкімет қол жеткізген табысты сақтап қалу үшін өз бюджетінен қаржы тапты. Соған қарамастан, алдын алуға да, емдеуге де болатын аурудан жыл сайын миллионнан астам адам көз жұмады», — деді ДДСҰ Бас директоры Тедрос Аданом Гебрейесус.

Туберкулезді көбіне өкпені зақымдайтын бактерия қоздырады, ол науқас жөтелгенде не түшкіргенде ауа арқылы жұғады. Бұл ауруды емдеп жазуға болады. Елдегі ахуал туралы Қазақстандағы туберкулез жайлы материалдан оқыңыз.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз