Ресейлік хоккей журналисі Иван Невский «Барыстың» жаңа қақпашысы Дмитрий Николаев кез келген сәтте мәскеулік «Спартакқа» қайтып кетуі мүмкін деп санайды. Оның айтуынша, 26 жастағы қақпашы келісім бойынша «Спартакқа» тиесілі, ал челябілік «Тракторда» «жасырын жалға алу» шартымен ойнаған. Невский бұл нұсқасын қақпашының Астанаға ауысатыны белгілі болған күні, 12 қарашада, Timeout атты Telegram-арнасында жазды.
«Тағы бір мәселе — ол келісім бойынша тиесілі „Спартак“ оны кез келген сәтте кері тартып алуы мүмкін. Не өзіне, не сату үшін», — деп жазды Невский. Журналист клубтар арасында Николаев «Барыста» кем дегенде бір маусым ойнайды деген келісім болуы мүмкін екенін айтады. Ал ондай келісім болмаса, оның пікірінше, астаналықтар үлкен тәуекелге барып отыр. Невскийдің сөзінше, «Трактор» енді Хаукеланд пен Мыльников қақпашыларымен әрі қарай жалғастырады.
Иван Невскийдің Николаевтың ауысуы туралы жазбасы:
Клубтар бұл мәмілеге «Спартактың» қатысы бар-жоғы туралы ресми түрде ештеңе айтқан жоқ. Жарияланған шарт бойынша «Барыс» Николаевты «Трактормен» айырбас арқылы алды, ал челябіліктер оның орнына ақшалай өтемақы алады, бірақ оның мөлшері айтылмаған. Астанада қақпашы америкалық Хантер Шепардтың орнын басуы тиіс — оның кететінін бас бапкер Михаил Кравец растады.
«Барыс» 25 ойыннан кейін 27 ұпай жинап, КХЛ-дің Шығыс конференциясында бесінші орында тұр. Команда келесі ойынын 15 қарашада үй алаңында конференция көшбасшысы — магнитогорлық «Металлургпен» өткізеді. Кездесу Астана уақытымен сағат 17:00-де басталады.


