«Манчестер Юнайтед» пен Маурисио Почеттино келісімшарт жөнінде уағдаласты: аргентиналық маман клубпен екі жарым жылға, яғни 2029 жылдың жазына дейін келісімшартқа қол қойып, команданың бас бапкері болады. Бұл туралы 13 қарашаға қараған түні Sky Sports хабарлады. Телеарнаның дерегінше, тағайындау жұма күні ресми түрде жарияланады.
Почеттино әзірге АҚШ құрамасының бапкері болып қала береді және онымен Гаитиге қарсы екі ойын өткізеді: біріншісі 14 қарашада, сенбіде, екіншісі 18 қарашада, сәрсенбіде. Sky Sports мәліметінше, оның Америка федерациясымен жасалған келісімшартындағы өтемақы сомасы 7 млн фунт (шамамен 4,1 млрд теңге) болған. «Юнайтедтің» бапкері ретінде алғашқы ойынын ол 22 қарашада «Энфилдте» «Ливерпульге» қарсы өткізеді, кездесу Астана уақытымен сағат 21:30-да басталады.
Каррикпен бірге клубтан бапкерлер штабының дерлік бәрі кетті: Джонни Эванс, Джонатан Вудгейт, Стив Холланд, Трэвис Биннион және қақпашылар бапкері Крейг Мосон. Бұрынғы бапкерлерден клубқа екі ай бұрын келген қақпашылар бапкерінің көмекшісі Коннор Кинг қана қалды. Sky Sports жазуынша, Каррикті жұмыстан босату туралы шешімді клубтың тең иесі сэр Джим Рэтклифф Монакодағы кездесуде бекіткен, ал оны бас директор Омар Беррада мен футбол директоры Джейсон Уилкокс ұсынған.
Почеттино 2013 жылы сэр Алекс Фергюсон кеткеннен бергі «Юнайтедтің» сегізінші тұрақты бапкері болады. Клуб оның кандидатурасын бұған дейін үш рет қарастырған. Каррик бейсенбі күні жұмыстан босатылды: Премьер-лиганың 10 турынан кейін команданың бір ғана жеңісі бар, ол 18-орында тұр, ал осы маусымда барлық турнирдегі 15 ойында үш-ақ рет жеңді. Тараптардың келісімге жақын екенін аптаның басында The Athletic жазған болатын.



