БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі 12 қарашада Йеменге қатысты санкцияларды бірауыздан тағы бір жылға ұзартты. Қарардың жобасын Ұлыбритания дайындаған. Елдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікке қатер төндіретін тұлғалардың активтерін бұғаттау және оларға елге кіруге тыйым салу 2027 жылғы 14 қарашаға дейін күшінде болады, ал БҰҰ-ның Йемен жөніндегі сарапшылар тобының мандаты 2027 жылғы 15 желтоқсанға дейін ұзартылды.
Қарарда Қауіпсіздік Кеңесі хуситтердің әскери эскалациясын, олардың Сауд Арабиясына құрлықтан және теңізден жасаған шабуылдарын, сондай-ақ сауда кемелеріне төндірген қатерін айыптады. Кеңес мүшелері барлық тарапты шиеленісті ушықтырмауға және дауларды келіссөз арқылы шешуге шақырды. Arab News басылымының дерегінше, құжат хуситтер дрон мен зымыран жасау үшін пайдаланатын қос мақсаттағы бөлшектер мен химиялық заттардың жеткізілуіне де тосқауыл қоюы тиіс. Санкциялар гуманитарлық көмекке қолданылмайды. «Кеңестің санкциялары — мақсат емес, тек құрал», — деді Қытайдың БҰҰ жанындағы тұрақты өкілі Фу Цун.
Сол күні хуситтер Сауд Арабиясына соққы беруді қайта бастады. Эр-Рияд бастаған коалицияның өкілі генерал-майор Турки әл-Малики SPA агенттігіне Эр-Рияд аймағы мен Шығыс провинциясының үстінде дрондар атып түсірілгенін хабарлады. Хуситтердің әскери өкілі Яхья Сариның мәлімдеуінше, дрондар «Шығыс — Батыс» мұнай құбырының сорғы стансасына, Қызыл теңіз жағалауындағы Янбу мұнай нысанына және Шарура әуежайындағы әскери жүк ұшағына шабуыл жасаған. Оның айтуынша, баллистикалық зымыран Хамис-Мушайт әуе базасына тиген, тағы бір шабуыл Эр-Риядтағы Saudi Aramco штаб-пәтеріне бағытталған. Бұл мәлімдемелерді тәуелсіз растайтын дерек жоқ. Сари хуситтер 11 қарашада Мекке аймағын нысанаға алды деген сауд тарапының сөзін «өрескел өтірік» деп атады. Бұған дейін корольдіктің Азаматтық қорғаныс қызметі Мекке провинциясына зымыран сынықтары құлағанын хабарлаған.
«Шығыс — Батыс» мұнай құбыры нарық үшін ерекше маңызды: Эр-Рияд мәліметінше, ол арқылы Ормуз бұғазын айналып өтіп, тәулігіне шамамен 4 млн баррель мұнай жөнелтіледі. Бұл — әлемдік ұсыныстың шамамен 4%-ы. Құбырға бұған дейін де шабуыл жасалған. Сауд Арабиясы — Қазақстан да мүше ОПЕК+ альянсының жетекші қатысушысы.
БҰҰ-ның Гуманитарлық істерді үйлестіру басқармасының (OCHA) дерегінше, тамыздың басынан бері Йемендегі шайқастар салдарынан 333 мыңнан астам адам үйін тастап кеткен, оның 24 мыңнан астамы — соңғы аптада. «Бейбіт тұрғындар әлі де ауыр зардап шегіп отыр», — делінген басқарманың хабарламасында.
Йемендегі шайқастар тамызда ушықты: Сауд Арабиясы бастаған коалиция қолдайтын халықаралық деңгейде танылған үкіметтің күштері хуситтерге қарсы шабуылға шықты, ал хуситтер оған жауап ретінде корольдік аумағына соққы беріп жатыр. Хуситтерді Иран қолдайды, олардың шабуылдары АҚШ пен Израильдің Иранмен кеңірек қақтығысы аясында болып жатыр.



