Ресей әскері 12 қарашада Украинаның шығысындағы Донецк облысының ең ірі қалаларының бірі — Киевтің бақылауында қалып отырған Краматорскіні күні бойы атқылады. Төрт бейбіт тұрғын қаза тапты, кемінде алты адам жараланды. Бұл туралы кешке Краматорск қалалық әскери әкімшілігінің басшысы Олександр Гончаренко хабарлады.
Оның айтуынша, соққылар қаланың әр ауданына тиген: жеке үйлер, көпқабатты тұрғын үйлер және азаматтық көлік оқ астында қалған. Ресей әскері Краматорскіге FPV-дрондармен шабуыл жасады. Бұл — оператор нақты уақыт режимінде басқаратын, адамға немесе көлікке тура бағыттай алатын шағын дрондар. Сондай-ақ қалаға бірнеше ФАБ-250 авиабомбасы тасталды. Бұл — ресейлік ұшақтар Украинаның әуе қорғанысы аймағына кірмей, алыстан тастайтын 250 келілік бомбалар.
«Бір күнде Краматорскіге жасалған ресейлік соққылар төрт адамның өмірін қиды. Тағы кемінде алты адам жарақат алды», — деп жазды Гончаренко. Билік қаза тапқандардың аты-жөні мен жасын әзірге атаған жоқ.

Қала әкімшілігінің басшысы жеке үйлер мен кемінде жеті көппәтерлі үй зақымданғанын хабарлады.
Тұрғын кварталдар мен бейбіт адамдарға соққы беру — әскери қылмыс. Ресей Донбастың майдан маңындағы қалаларын жүйелі түрде атқылап, ондағы өмірді төзгісіз етіп отыр. Қараша басынан бері ғана Ресей әскері Донецк облысына 1727 соққы жасады, 19 азаматтық нысан қирады. Краматорскінің өзінде атқылау салдарынан елдегі ең ірі банктер — ПриватБанк пен Ощадбанк бөлімшелерінің жұмысын тоқтата бастады.
Краматорск көршілес Славянскімен бірге Донецк облысындағы Украинаның басты тірегі саналады. Кремль бітімнің шарты ретінде осы облысты түгел беруді талап етіп отыр. Оңтүстікте, Константиновка маңында, қазір ауыр шайқас жүріп жатыр.



