Сауд Арабиясының батысында атып түсірілген екі баллистикалық зымыранның сынықтары Мекке провинциясындағы Сабуха ауылына құлады. Бұл туралы 12 қарашаға қараған түні корольдіктің Азаматтық қорғаныс қызметі хабарлады. Оның дерегінше, зымырандарды йемендік хуситтер ұшырған. Зардап шеккендер мен қираған нысандар туралы мәлімет жоқ.
Сауд Арабиясы бастаған коалицияның өкілі генерал-майор Турки әл-Малики 11 қарашада коалицияның әуе қорғанысы барлығы бес зымыран мен екі дронды жойғанын мәлімдеді. Үш қанатты зымыран Эр-Риядқа қарай, ал дрондар Меккеге және елдің оңтүстігіне қарай ұшқан. Тағы бір дрон Шығыс провинциясының үстінде атып түсірілді. Азаматтық қорғаныс қызметі азаматтық нысандарға соққы беруді «халықаралық гуманитарлық құқықты өрескел бұзу» деп атады.
Хуситтер басқа нұсқасын айтып отыр. Олардың өкілі Меккеге қарай ұшқан дрон туралы хабарларды «өтірік» деп атады. Оның сөзінше, дрон Қызыл теңіз жағалауындағы Янбу қаласының сорап стансасына, ал үш қанатты зымыран Эр-Риядтағы Король Халид атындағы халықаралық әуежайға ұшырылған. Бұл туралы Al Jazeera хабарлады.
Йеменнің өзінде де шайқас жүріп жатыр. Хуситтердің әскери өкілі Яхья Сариа Адендегі әл-Бурейқа ауданындағы коалицияның басқару пунктіне «бірнеше баллистикалық зымыран» тигенін мәлімдеді. Йемен үкіметінің ақпарат министрі Салем әл-Авлаки халқы тығыз ауданды атқылауды бейбіт тұрғындарға жасалған соққы деп атады. Үкімет армиясының өкілі Маджед әл-Нузейли үкімет әскері мен коалиция авиациясы Джауф, Мариб, Бейда және Таиз провинцияларында кемінде 138 хуситті өлтіріп не жаралағанын хабарлады. Бұл дерек тәуелсіз түрде расталмаған.
ДДСҰ мен БҰҰ-ның 8 қарашадағы дерегі бойынша, тамыз айынан бері Йемендегі шайқаста 11 755 адам зардап шеккен, оның 2 098-і қаза тапқан. 320 мыңнан астам адам үйін тастап кеткен, тек соңғы аптаның өзінде 16 мыңға жуық адам баспанасыз қалды. Соққылар ауруханалар мен жедел жәрдем көліктеріне де тиіп жатыр, ал Таизде жанармай тапшылығынан шұғыл медициналық қызметтің жұмысы үзіліп тұр.
Иран қолдайтын хуситтер АҚШ, Израиль және Иран қатысып отырған ауқымды аймақтық соғыс аясында Сауд Арабиясына соққы беріп келеді. Arab News жазуынша, бұл Мекке аймағына жасалған алғашқы шабуыл емес: қазан айында корольдік қасиетті қалаға қарай дрон ұшырылғанын айыптаған еді. Ал жақында әуе қорғанысы Эр-Рияд үстінде хуситтердің зымырандарын атып түсірді.



