Сауд Арабиясы мұнайды Ормуз бұғазын айналып экспорттайтын Шығыс – Батыс мұнай құбыры 9 қараша, дүйсенбі күні тағы шабуылға ұшырады. Соққы елдің батысындағы Медина өңіріндегі учаскеге тиді. Бұл туралы SPA агенттігі Энергетика министрлігінің өкіліне сілтеме жасап хабарлады. Шектеулі өрт шығып, ол сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ, министрлік мәліметінше, құбырдың жұмысы бұзылмаған.
Оқиға орнына апаттық-құтқару және техникалық бригадалар дереу жетіп, аумақты қоршап, оның қауіпсіздігін тексерді. Шабуылды кім жасағанын және не қолданылғанын – дрон ба, әлде зымыран ба – билік хабарлаған жоқ. Әзірге жауапкершілікті ешкім мойнына алмады.
Ұзындығы шамамен 1200 шақырым құбыр елдің шығысындағы кен орындарынан Қызыл теңіздегі Янбу портына дейін созылады. Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасы бұзылғаннан бері Эр-Рияд бұл бағытқа тәулігіне шамамен 4 млн баррель мұнай бұрды. Al Jazeera жазуынша, бұл – әлемдік мұнай ұсынысының шамамен 4%-ы. OilPrice мәліметінше, қазан айында Сауд Арабиясы экспорты өсімінің басым бөлігі Янбу арқылы өтті.
Құбырға бұрын да шабуыл жасалған. Қыркүйектің ортасында дрон соққыларынан кейін мұнай айдау бірнеше күнге тоқтатылды. Сол кезде Эр-Рияд дрондар Ирак аумағынан ұшырылғанын мәлімдеді. Корольдіктің Сыртқы істер министрлігі бұрынғы шабуылдардың бірін Ирактағы Иранды жақтайтын топтарға жапты. Сонымен қатар Сауд Арабиясы Йеменде хуситтермен соғысып жатыр: 8 қарашада хуситтер Эр-Риядты атқылады, зымыран сынықтары Aramco ғимаратын зақымдады.
Сауд құбырларындағы жағдай Қазақстан үшін баға тұрғысынан маңызды: қазақстандық мұнай Brent бағасына байланып сатылады. Шабуыл нарық бейбітшілікке үміт артып, мұнай арзандаған күнге тап келді. Дональд Трамп Иранмен соғыс «іс жүзінде аяқталды» дегеннен кейін Brent 6%-ға жуық арзандады. Reuters сауалнамасы бойынша, қазан айында ОПЕК өндірісі тәулігіне 1,38 млн баррельге артып, 22,87 млн баррельге жетті. Бұл – соғысқа дейінгі деңгейдің шамамен 90%-ы. Қазақстан да мүше ОПЕК+ министрлері 2027 жылға арналған квоталарды 29 қарашада талқылайды.



