13 қарашадан бастап Қазақстанда жайылымдағы мал саны жүктеменің шекті рұқсат етілген нормасының 30%-ынан аз болса ғана, ол пайдаланылмайтын жер деп танылады. Бұған дейін бұл шек 50% болатын. Жаңа қағидаларға Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 29 қазанда қол қойды. Олар жайылымдық жері бар барлық фермер мен шаруашылыққа қатысты.
Жүктеменің шекті рұқсат етілген нормасы — учаскеде шөпке зиян келтірмей жайыла алатын мал саны. Мысалы, нормаға сай жайылымға 100 бас мал сыйса, енді бұрынғыдай 50 емес, 30 бас жеткілікті. Жердің пайдаланылмай жатқанын көрсететін екінші белгі сол күйінде қалды — учаскеде мал азығына шөп шабылмауы.
Жайылым пайдаланылмайтын деп танылса да, оны бірден алып қоймайды. «Жайылымдар туралы» заңға сәйкес, учаске бір жыл бойы мақсатына сай пайдаланылмаса ғана алып қойылады. Бұл мерзім жер иесіне немесе жалға алушыға бұзушылықты жою туралы нұсқама берілген күннен бастап есептеледі. Жерді тек сот арқылы, жердің пайдаланылуын бақылайтын органдардың талап арызы бойынша алуға болады.
Жаңа қағидалар жерді алып қоюдың қосымша тәсілін енгізбейді. Министрлік өз бұйрықтарын 2026 жылғы шілдеде қабылданған Жер кодексіндегі түзетулерге сәйкестендірді. Жоба материалдарында министрлік табын құрғақшылық, жұт, жем-шөп тапшылығы немесе мал сату салдарынан уақытша азаюы мүмкін екенін, ал жаңадан бастаған малшыларға малды көбейтуге уақыт керек екенін түсіндірген. Бұл шек бірінші рет өзгеріп отырған жоқ: бір кездері нормадан 20% мал жеткілікті еді, кейін талап 50%-ға дейін күшейтілді.
Мемлекет пайдаланылмай жатқан жайылымдарды үнемі қайтарып алып отырады. Прокуратураның дерегінше, Ақмола облысында кадастрлық құны 332,5 млн теңге болатын 23,3 мың гектардан астам жайылым мемлекет меншігіне қайтарылды, ал Солтүстік Қазақстан облысында сот 1,9 мың гектар жайылымды мемлекетке қайтарды.



