BLACKPINK тобының мүшесі Лиса Лас-Вегаста өз резиденциясын ашқан алғашқы K-pop әртісі атанды. Ол жергілікті уақытпен 12 қараша кеші, Астана уақытымен 13 қараша таңертең Caesars Palace қонақүйіндегі Colosseum залында Viva La Lisa шоуын бастады, деп хабарлады Billboard. Бұл – алты концерттің алғашқысы: келесілері 13–14 және 27–29 қарашада өтеді.
Резиденция алғаш наурызда екі демалыс күніне арналған төрт концерт ретінде жарияланған. Оларға билеттер 10 минутқа жетпей сатылып кетті, сондықтан қыркүйекте Лиса тағы екі кеш – 12 және 29 қарашаны қосты. Colosseum залында бұрын Селин Дион мен Элтон Джон шоу қойған.
Шоу 90 минутқа созылады және бес бөлімнен тұрады. Billboard сипаттауынша, онда от, былғары және іш киім үлгісіндегі сахналық образдар көп. Бағдарламаның негізін 2025 жылғы ақпанда шыққан Alter Ego атты алғашқы жеке альбомы мен 23 қазанда жарық көрген Press Play мини-альбомының әндері құрады: соңғысының алты трегі түгел орындалды. Концерт Tarantino әнімен ашылып, атауы тай тілінде амандасуды білдіретін SaWaDiKa синглімен аяқталды.
Лиса барлығы 23 ән орындады, олардың ішінде 2021 жылғы алғашқы жеке хиті Money, Rockstar, Розалиямен бірге жазған New Woman және Doja Cat пен Raye қатысқан Born Again бар. Би үзілістерінің бірінде Money әні Рианнаның B***h Better Have My Money әнімен және BLACKPINK тобының JUMP хитімен, ал Sweat әні Бритни Спирстің Gimme More әнімен араластырылды. Әндер арасында әнші жанкүйерлерімен тілдесті. Алғашқы кештің толық сет-листін Just Jared жариялады.
Лиса – Таиландтан шыққан 29 жастағы рэпер, әнші әрі биші, BLACKPINK тобының төрт мүшесінің бірі. Оның Alter Ego альбомы Billboard 200 чартында жетінші орыннан басталды, 2025 жылы ол Coachella фестивалінде алғаш рет жеке өнер көрсетіп, HBO арнасының «Ақ лотос» сериалының үшінші маусымында ойнады. Биыл BLACKPINK Deadline мини-альбомын шығарды, ал топ мүшелері жеке мансабын да қатар дамытып жүр: жақында Розэ LACMA гала-кешінен түсірілген видеоблогымен вокалы туралы дауға жауап берді.



