Индонезия билігі BTS тобының желтоқсандағы концерттеріне арнап ауқымды қалалық акция дайындап жатыр: Purple Jakarta бастамасы аясында елорданың басты орындарын топтың символдық түсі – күлгін түспен жарықтандырып, безендіру көзделген. Бұл туралы 13 қарашада, жұма күні Джакарта мэриясында Индонезияның туризм министрі Видийанти Путри айтты, деп ANTARA агенттігі хабарлады. Топ Джакартада ARIRANG әлемдік турының аясында үш концерт береді – желтоқсанның 26, 27 және 29-ы күндері «Гелора Бунг Карно» кешенінің басты стадионында.
«Біз сондай-ақ Purple Jakarta бастамасы арқылы Джакартада BTS пен ARMY үшін ерекшерек атмосфера қалыптастырғымыз келеді. Джакарта да күлгін түске енеді деп үміттенеміз», – деді министр. ARMY – BTS жанкүйерлерінің өздеріне берген атауы. Оның айтуынша, күлгін жарық пен безендіру Бундаран ХИ алаңына, «Гелора Бунг Карно» стадионына және Ұлттық монументке жоспарланып отыр. Сауда орталықтарында тақырыптық іс-шаралар өткізу, ал автобустарды BTS стилінде безендіру ұсынылған. «Бұл әзірге талқылану үстінде», – деп қосты Видийанти.
Жанкүйерлерді жолда-ақ қарсы алмақ. Ұлттық әуе тасымалдаушысы Garuda Indonesia Джакартаға ұшатын жолаушыларға борттағы арнайы хабарландыру, BTS бейнелері мен күлгін безендіру дайындап жатыр. «Қарсы алу атмосферасы әуежайға қонған сәттен-ақ басталады деп күтілуде: BTS әндерін қосып, күлгін түсті безендіру жасау жоспарланған», – деді министр. InJourney Aviation Services компаниясы топ мүшелерінің келуі мен кетуі жайлы әрі оңаша өтуі үшін Angkasa Lounge залын дайындап жатыр. Туризм министрлігі топ мүшелері мен командасына виза рәсімдеуге, концерт жабдықтарын әкелуге және шоуға рұқсат алуға көмектеседі, ал стадион маңында таксиге отыруға арналған бөлек орындар жасалады.

Джакарта губернаторы Прамоно Анунг концерттерге толық қолдау көрсетуге уәде берді. «Біз толық қолдау көрсетеміз, соның ішінде жол қозғалысын ұйымдастыруға көмектесеміз, ал жаңбыр жаумауы үшін ауа райына араласу қажет болса, түрлі әдістерді қолданамыз», – деп мәлімдеді ол.
Губернатордың есебінше, желтоқсандағы BTS концерттері мен 21 қарашада өтетін Guns N’ Roses тобының өнері бірге қала экономикасына 600 млрд рупиядан астам, яғни шамамен 14,7 млрд теңге табыс әкеледі. Ол BTS шоуына Индонезиядан 60 мыңға жуық көрермен және шетелден 10 мыңға жуық жанкүйер келеді деп күтеді. «Концерттер үш күн өтетіндіктен, 30 000 шетелдік қонақ туралы айтып отырмыз. Бәрі жақсы ұйымдастырылса, олар Джакартаның қызығын көре алады. Дәл осы шоу экономикаға бұрынғы концерттерге қарағанда әлдеқайда көп пайда әкелетініне сенімдімін», – деді Прамоно.
BTS үшін бұл – Индонезияда тоғыз жылдан бергі толық құрамдағы алғашқы концерттер. Алғашында Джакартада екі кеш жарияланған еді, бірақ сұраныс жоғары болғандықтан, iMe Indonesia промоутері үшінші концертті қосты. ARIRANG – BTS тобының бес жылдан бергі алғашқы әлемдік туры әрі мүшелері әскери борышын өтегеннен кейінгі алғашқы гастролі, ол топтың 20 наурызда шыққан оныншы студиялық альбомының атымен аталған. Жақында Чонгук GOLDEN альбомымен Spotify-да рекорд жасады, ал Ви резервистердің алғашқы жиынынан кейін әскери киіммен көрінді.



