Ресей әскері 13 қарашада таңертең Украинаның оңтүстік-шығысындағы, майдан шебіне жақын орналасқан облыс орталығы Запорожьенің жеке үйлер ауданына соққы берді. 17 жастағы жігіт қаза тапты, тағы төрт адам өз үйлерінің үйіндісі астында қалды. Бұл туралы Запорожье облыстық әскери әкімшілігі басшысының міндетін атқарушы Михаил Семикин хабарлады.
Ресейліктер қалаға таң ертеңгі уақытта, Киев уақытымен шамамен 06:30-да (Астана уақытымен 09:30-да), адамдар әлі үйде отырған кезде екі рет соққы берді. Соққы жеке тұрғын үйлерге тиіп, адамдар үйінді астында қалды.

Құтқарушылар үйінді астынан төрт адамды шығарды: 35 жастағы әйелді, 10 жасар ұлды, 34 жастағы ер адамды және 58 жастағы әйелді. Олардың бәрі жедел жәрдем дәрігерлеріне тапсырылды. Билік қаза тапқан жігіттің есімін әзірге атаған жоқ, қираудың ауқымы нақтыланып жатыр.

Әскери нысан жоқ, ұйқыдағы қаланың тұрғын кварталдарына жасалған соққы — Ресейдің бейбіт тұрғындарға қарсы кезекті лаңкестік шабуылы. Запорожье үшінші күн қатарынан атқылауға ұшырап отыр: 11 қарашада басқыншылар қаланың тұрғын кварталдары мен инфрақұрылымына соққы беріп, бес бейбіт тұрғынды жаралады, ал 12 қарашада ресейлік дрон жеке үйдің терезесіне тікелей ұшып кіріп, бір әйел жарақат алды.
Украина Әуе күштерінің хабарлауынша, 13 қарашаға қараған түні Ресей Украинаға 117 шабуылдаушы дрон ұшырды, оның 63-і — реактивті «шахедтер». «Шахед» — Ресей өзінде шығаратын ирандық шабуылдаушы дрон; оның реактивті нұсқасы жылдамырақ ұшады, сондықтан оны атып түсіру қиынырақ. Әуе қорғанысы 80 дронды атып түсірді немесе басып тастады, 24 жерде нысанаға тигені тіркелді.



