Мазмұнға өту

Ресей Одессаға реактивті дрондармен соққы берді: екі адам қаза тапты

Қаза тапқандардың бірі — соққы кезінде өз көлігінде отырған қыз, ал жараланған бес адамның екеуінің жағдайы ауыр.

Повреждённые автомобили на улице Одессы после удара российского дрона 13 ноября
Фото: Одесская ОВА

Ресейдің реактивті дрондары 13 қарашада таңертең Украинаның Қара теңіз жағалауындағы ең ірі порты Одессаға шабуыл жасады. Екі адам қаза тапты, тағы бес адам жараланды, олардың екеуінің жағдайы ауыр. Бұл туралы Одесса қалалық әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Лысак хабарлады.

Киев уақытымен шамамен 07:20-да (Астана уақытымен 10:20-да) Украина Әуе күштері Одессаға қарай реактивті дрондар тобы ұшып келе жатқанын ескертті. Бірнеше минуттан кейін дрондар қалаға соққы берді. Бұл адамдар үйден жұмысқа, шаруасына шығып жатқан таңғы уақыт еді.

Соққылар қаланың кемінде екі ауданына тиді. Бір ауданда ресейлік дрон жеке тұрғын үйге құлап, өрт шықты. Екіншісінде дрон тура жол үстінде жарылды: жарықшақтар көліктер мен ағаштарды тесіп өтті, сол жерде адамдар қаза тапты. Оқиға орнынан түсірілген кадрлардан көрінгендей, қаза тапқандардың бірі — сол сәтте өз көлігінде отырған қыз. Билік алдымен бір адамның қаза тапқанын хабарлап, кейін тағы бір адамның өлгенін растады. Қаза тапқандардың есімі аталған жоқ.

Жараланғандардың бәрі дәрігерлерге тапсырылды. Оқиға орнында жедел қызметтер соққының салдарын жойып жатыр.

Таңғы уақытта қала көшелеріне, көлік ішіндегі адамдарға және тұрғын үйлерге соққы беру — Ресейдің бейбіт қалаға қарсы кезекті лаңкестік шабуылы. Реактивті «шахед» — Ресей өзінде шығаратын ирандық шабуылдаушы дронның жылдам нұсқасы, оны кәдімгі дроннан гөрі атып түсіру қиын. Әуе күштерінің хабарлауынша, 13 қарашаға қараған түні Ресей Украинаға 117 шабуылдаушы дрон ұшырды, оның 63-і реактивті.

Одесса мен оның маңы — ресейлік соққылардың басты нысаналарының бірі. Осы аптада Ресейдің көршілес Черноморск қаласындағы базарға жасаған шабуылы төрт адамның өмірін қиды, ал 12 қарашада кешке ресейлік дрондар Одесса облысының оңтүстігіндегі жиһаз кәсіпорнына соққы беріп, төрт адамды жаралады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз