Ресей әскерінің Черноморск қаласындағы базарға берген соққысынан қаза тапқандар саны төртеуге жетті. Одесса облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Кипердің 11 қараша күні кешке хабарлауынша, тағы бір адам жарақаттан ауруханада көз жұмды. Черноморск — Қара теңіз жағасындағы, Одессадан шамамен 20 шақырым оңтүстікте орналасқан порт қаласы.
Ресей қала орталығындағы «Ранок» базарына күндіз соққы берді. Кипердің сөзінше, ол жерде «әрдайым адам көп болады». Алғашында билік бір адамның қаза тапқанын хабарлаған, кейін ауыр жараланған тағы екі адам ауруханада қайтыс болды. Барлығы 11 адам зардап шекті, олардың бірнешеуінің жағдайы ауыр болған. Дәрігерлер жараланғандарды емдеуді жалғастырып жатыр. Қаза тапқандардың есімін билік атаған жоқ.
Жарылыс сауда павильондарын, базар маңындағы тұрғын үйлер мен көліктерді зақымдады. Полиция бұл соққыны әскери қылмыс ретінде құжаттап жатыр. Кипер қаза тапқандардың туыстарына көңіл айтты.
Соққының өзі туралы толығырақ — Черноморсктегі қасірет туралы алғашқы жаңалығымызда. Сол күні ресейлік дрондар Киев маңындағы Яготинде бір адамның өмірін қиды. Черноморск — Украина астық экспорттайтын Одесса облысының үш ірі портының бірі, Ресей оны үнемі атқылайды: 2025 жылғы қарашада дәл осы базарға берілген соққыдан екі адам қаза тапқан.



