Еуроодаққа мүше 27 елдің елшілері 11 қарашада Ресейге қарсы жаңа санкцияларды келісті: тізімге 145 адам мен ұйым енгізіледі, олардың арасында Ресейдің 50 банкі бар. Шешімді ЕО сыртқы істер министрлері 16 қарашада, дүйсенбіде Брюссельдегі отырыста түпкілікті бекітуі тиіс. Шектеулер ЕО-ның Ресми журналында жарияланғаннан кейін күшіне енеді.
Жаңа санкциялардың басым бөлігі — 12 адам мен 101 ұйым — Украинаның аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіргені үшін салынады. 50 банктен бөлек, бұл тізімге энергетика компаниялары және Ресейдің «көлеңкелі флотына» көмектесетін фирмалар енді. Мәскеу санкцияларды айналып өтіп, бөтен елдердің туымен жүзетін ескі танкерлер арқылы мұнай экспорттайды, оны «көлеңкелі флот» деп атайды. Мұнайдан түскен табыс соғысқа да жұмсалады. Банктер, энергетика және мұнай экспорты — Ресейдің Украинаға қарсы соғысын қаржыландыратын негізгі көздер.
Тағы 30 адам мен бір ұйым гибридтік шабуылдар — жалған ақпарат тарату және Еуропа елдерінің ісіне араласу үшін санкцияға ілігеді. Еуропалық дипломаттардың бірінің айтуынша, бұл — Германиядағы Лейпциг-Галле әуежайына дрондармен шабуыл жасау әрекетіне жауап. Берлин бұл әрекетке Мәскеуді кінәлаған. Сондай-ақ бір ұйым кибершабуылдар үшін санкцияға ілігеді. Ресей НАТО елдеріндегі диверсиялар мен гибридтік шабуылдарға қатысы барын жоққа шығарады.
Бұл — бір ай ішіндегі санкциялық тізімдердің екінші ірі кеңеюі: 12 қазанда ЕО 1600-ге жуық адам мен ұйымға шектеу енгізген еді, бұл соғыс басталғаннан бергі жеке санкциялардың ең ауқымды кеңеюі болды. Елшілердің 11 қарашадағы шешімін алғаш болып «Европейская правда» мен Reuters ЕО дипломаттарына сілтеме жасап хабарлады.



