Мазмұнға өту
2026 жылғы 12 қараша, бейсенбі

Марал Төлепберген Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасында қола алды

Бұл — Сенегалдағы Ойындарда Қазақстанның бесінші медалі, ал 12 қарашада алтын үшін тағы екі қазақстандық боксшы рингке шығады.

Казахстанская боксёрша Марал Толепберген на юношеских Олимпийских играх в Дакаре

Қазақстандық боксшы Марал Төлепберген Дакарда өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиада ойындарында 54 келіге дейінгі салмақта қола медаль жеңіп алды. 11 қарашадағы жартылай финалда ол Өзбекстан боксшысынан төрешілердің бірауызды шешімімен (0:5) жеңіліп қалды, қарсыласы финалға жолдама алды. Олимпиадалық бокс турнирінің ережесінде үшінші орын үшін жекпе-жек жоқ, сондықтан жартылай финалда жеңілген екі боксшы да қола медаль алады.

Төлепбергеннің медалі Сенегалдағы Ойындарда Қазақстанның бесінші жүлдесі болды: құраманың қоржынында екі алтын және үш қола бар. Дзюдошы Фатима Супығалиева мен велошабандоз Анель Ташбай чемпион атанды, ал қола медальді бұған дейін триатлоншы Рамазан Айнегов пен таэквондошы Любовь Юн жеңіп алған.

Жүлде саны 12 қарашада, бокс турнирінің соңғы күні көбеюі мүмкін. Финалда 57 келіге дейінгі салмақта Ақнұр Тұрсынғали мен 70 келіге дейінгі салмақта Бибарыс Әшірбай рингке шығады. Екеуі де кемінде күміс медальді қамтамасыз етіп қойды.

Төлепберген Дакардағы турнирді 8 қарашада бастады: алғашқы жекпе-жекте ол британиялық Джая Калсиді төрешілердің әртүрлі шешімімен жеңді. Ширек финалда мысырлық Хаджер Эльшербини Вахбуды бірауызды шешіммен ұтып, медальді қамтамасыз етті. Жасөспірімдер Олимпиада ойындарын ХОК 15–18 жастағы спортшылар үшін өткізеді. Сенегал астанасындағы Ойындар 31 қазаннан 13 қарашаға дейін жалғасады және Африка тарихындағы алғашқы олимпиадалық жарыс болды. Қазақстан намысын 11 спорт түрі бойынша 18 спортшы қорғап жүр.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз