Франция құрамасының капитаны Килиан Мбаппе Ұлттар лигасында Италиямен ойынға шықпайтын сияқты. Кездесу 12 қарашада, бейсенбі күні Миландағы «Сан-Сиро» стадионында өтеді және Астана уақытымен жұмаға қараған түні сағат 00:45-те басталады. L’Équipe басылымының хабарлауынша, «Реал» шабуылшысының санының артқы бұлшықетінде мәселе бар: ол сәрсенбі күні Клерфонтендегі жалпы жаттығуға қатыспай, тек дәрігерлермен жұмыс істеді. Құрама штабы Мбаппенің «ем қабылдап жатқанын» ғана растады, диагноз ресми түрде айтылған жоқ.
Зинедин Зидан шығынның орнын жаңа ойыншымен толтырды. Ұлттық құрамаға алғаш рет ПСЖ-ның 20 жастағы шабуылшысы Сенни Майюлю шақырылды. Ол Клерфонтенде жастар құрамасымен бірге жүрген еді, сәрсенбі күні негізгі құраммен бірге Миланға ұшуы тиіс болды. Ресми түрде Майюлю жарақат алып, құрамадан кеткен Орельен Тчуаменидің орнына шақырылды. Алайда Le Parisien жазғандай, шабуылдың әр позициясында ойнай алатын жас футболшы Мбаппенің де орнын баса алады. Зидан бұған дейін Маркус Тюрам мен Пьер Калулудан да айырылған еді — олардың орнына «Борнмуттың» шабуылшысы Эли Жюньор Крупи мен «Вольфсбургтің» қорғаушысы Саэль Кумбеди шақырылды.
Францияда Мбаппенің жарақатын ауыр деп санамайды. Дәрігерлер капитан 15 қарашада, жексенбі күні Бордода өтетін Түркиямен ойынға дейін қалпына келуі үшін сақтық танытып отыр. AFP мәліметінше, Мбаппе қыркүйекте сол тізесі ауырып, алаңнан шығып кеткен, содан кейін жарақаттарға байланысты құраманың соңғы үш ойынын өткізіп алған.
Милан кездесуі Франция үшін плей-оффқа шығу мәселесін шешуі мүмкін. Төрт турдан кейін Зидан командасы 10 ұпаймен топ көшін бастап тұр: үш жеңіс, бір тең ойын. Италиядан үш ұпай алда. «Сан-Сиродағы» жеңіс француздарға наурызда өтетін Ұлттар лигасының ширек финалына жолдама береді.
Клубта Мбаппе жақсы формада. Сенбі күні «Реал» «Валенсияны» 3:0 есебімен жеңген ойында ол гол соқты. Қазір 13 голмен Ла Лиганың мергендер тізімінде екінші орында келеді, одан тек «Барселонаның» ойыншысы Рафинья ғана озып тұр. Қыркүйекте Зиданның құрама басындағы алғашқы ойынында Түркияны 1:0 есебімен жеңуге дәл Мбаппенің голы көмектесті.



